Маңғыстау облысында Асан елді мекенінен Баутино мүйісіне дейінгі аралықта Каспий итбалықтарының 112 өлексесі табылды, деп хабарлайды qandastar.kz. Бұл туралы өңірдің экология департаменті хабарлады.
Мамандардың айтуынша, Каспийде итбалықтардың қырылуы жыл сайын қайталанып келеді. Әр жылдары ғалымдар бұл жағдайдың түрлі себебін атағанымен, көп жағдайда нақты неден қырылғанын анықтау мүмкін болмайды.
Соңғы жылдары Каспий итбалығының саны күрт азайып кеткен. Қызыл кітапқа енгізілген бұл жануар түрі жойылып кету қаупінде тұр.
Қазіргі таңда экологиялық қызмет өкілдері оқиға орнында зерттеу жүргізіп, өлекселерден сынамалар алып жатыр. Сараптама нәтижесі жақын күндері белгілі болады деп күтілуде.



