Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиға 21 қарашада болған, деп хабарлайды Qandastar.kz жергілікті Lada.kz порталына сілтеме жасап.
Жабайы жануар тістеп алған екі оқушы Бейнеу көпбейінді орталық аудандық ауруханасының жедел жәрдем бөліміне түскен.
Медициналық құжаттамада «балаларға қарсақ шабуыл жасады деп» көрсетілген.
Травматологиялық тексеру кезінде 7 және 14 жастағы жасөспірімдердің аяғында болмашы жара анықталды.
Екеуі де тиісті екпе алып, амбулаторлық бақылауда. Олардың жағдайы — қанағаттанарлық,
«ECOJER» қауымдастығының облыстық экологиялық кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақов бұл қарсақ емес, кәдімгі түлкі болуы ықтимал екенін атап өтті.
«Жануарлар құтыру ауруын жұқтыруы мүмкін, сондықтан оларға жақындау қауіпті. Жабайы жануарлармен байланыста болған жағдайда дереу тиісті органдарға хабарлау керек, ал егер тістеп алса, лезде медициналық көмекке жүгіну керек», — деді эколог.