
Таяу Шығыс елдеріне сапармен барған қазақстандықтардың кезекті легі елге аман-есен оралды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ұшып келген азаматтардың басым бөлігі әрі қарай Алматы қаласына жол тартты.
Қазақстандықтар шетелде болған кезеңде жан-жақты қолдау көрсетілгенін атап өтті.
«Біз Сауд Арабиясы, Жидда, Доха, Катар бағыттарынан жиналып, Умра сапарынан кейін Жидда қаласына топтастырылдық. Сол жерден ұйымдастырылған рейспен Ақтауға жеттік. Араға 2-3 күн кідіріс түскені болмаса, жағдайымыз жақсы болды. Сыртқы істер министрлігі мен елшілер толық қолдау көрсетті. Құжат рәсімдеу барысында да көмектесті. Осындай сәтте еліміздегі тыныштық пен тәуелсіздіктің қадірін тереңірек түсінеді екенсің. Қазақ халқына, мемлекет басшысына алғысымды айтқым келеді. Барша қазақстандықтарға бірлік тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Аспанымыз ашық болсын», — деді Ақтау қаласының тұрғыны Бирюза Ищанова.
Қазіргі таңда Қазақстанға оралған азаматтардың жалпы саны 2 151 адамды құрады.



