
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі ауданаралық соты боксшы Данияр Елеусіновке қатысты шешім шығарды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Сот мәліметінше, спортшы алкогольдік масаң күйде көлік тізгіндеп, үш жол-көлік оқиғасын жасаған.
Алғашында жерасты автотұрағы қақпасының тірегіне соғылған. Кейін басқа автокөлікпен соқтығысып, оның инерциясымен тағы бір көлікке зақым келтірген. Бұдан бөлек, Kia Sportage көлігімен соқтығысып, соққы салдарынан Toyota Hilux автокөлігі де зақымданған.
Оқиғалардың нәтижесінде бірнеше көлік иесіне материалдық шығын келген. Медициналық куәландыру қорытындысы бойынша Данияр Елеусіновтің алкогольдік масаңдықтың жеңіл дәрежесінде болғаны анықталған. Сот отырысында ол өз кінәсін толық мойындады.
Сот шешімімен Данияр Елеусінов 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.



