Жаңалықтар
Мәсімовтің бұрынғы орынбасары Ерғожин тағы екі бап бойынша күдікке ілінді
Фото: ашық дереккөз
Кәрім Мәсімовтің бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин Қылмыстық кодекстің тағы екі бабы бойынша күдікті деп танылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
«Д.Ерғожинге қатысты тағы «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру» және «Аса ірі көлемде пара алу» бойынша қылмыстық іс қозғалды”, – деп хабарлады Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасы қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру мәліметтері жария етілуге жатпайды
Бұған дейін желіде Ерғожинге қазақстандықтардың құпия деректерінің қытайлық GitHub сервистеріне таралуына қатысты іс бойынша күдікке ілінгенін хабарлаған болатын.
Еске салайық, 2023 жылдың 24 сәуірінде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында К.Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасарларына қатысты үкім жарияланған болатын. Д.Ерғожин билікті күш қолдану арқылы басып алу, билікті және лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану бойынша кінәлі деп танылды. Ол мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 15 жылға бас бостандығынан айырылған.