
Фото: Даланьюс
Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің жақын серіктесі әрі көмекшісі болған Айгүл Нұриева БАӘ-нің Дубай қаласындағы элиталық аудандардың бірінен құны 2,2 миллиард теңге шамасындағы пентхаус сатып алғаны белгілі болды. Сонымен қатар, ол Американ Самоасынан резиденттік мәртебе алып, АҚШ азаматтығын алу мүмкіндігіне ие болып отыр, деп жазды qandastar.kz.
«Пальма Джумейрадағы» люкс пәтер
Жаңа мәліметтерге сүйенсек, Нұриева Palm Jumeirah жасанды архипелагындағы Al Dabas тұрғын үй кешенінде орналасқан екі қабатты пентхаустың заңды иесі ретінде тіркелген. Бұл ауданда бұған дейін де қазақстандық шенеуніктер мен саяси элита өкілдерінің туыстары жиі жылжымайтын мүлік сатып алған. Мәселен, экс-премьерлер Серік Ахметов пен Асқар Маминнің жақындары осы маңда тұрады.
Нұриеваның иелігіндегі пәтердің жалпы ауданы 490 шаршы метр. Төрт жатын бөлмеден бөлек, бірнеше қонақ бөлме, жеті жуыну бөлмесі, үлкен асүй мен қызметкерлерге арналған жеке бөлме бар. Жылжымайтын мүлік құны шамамен 14,5 млн дирхам, яғни 2,2 млрд теңге деп бағаланып отыр.
Байлықтың бастауы
Telegram-дағы «Выход к морю» арнасының жазуынша, Айгүл Нұриева 2000-жылдардың ортасында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы ықпал ететін бизнес құрылымдарда жұмыс істей бастаған. Аз уақыт ішінде «Қазақтелеком» мен «Қазкоммерцбанк» секілді ірі ұлттық активтерден үлес алып, жеке байлығы 1 млрд долларға жуықтаған. Соған қарамастан, ол ұзақ жылдар бойы Кәрім Мәсімовтің көлеңкесінде жүріп, оның сенімді көмекшісі ретінде түрлі келісімдерге қатысқан.
Дау туғызған мәмілелер
Dalanews.kz хабарлағандай, Нұриева есімі бірнеше күмәнді мәмілелермен байланысты. Соның ішінде, «Қазақтелекомның» Kcell үлесін швед-финндік TeliaSonera компаниясына 1,5 млрд долларға сату операциясы ерекше көзге түседі. Кейінірек бұл үлес әлдеқайда төмен бағамен Лондон қор биржасына шығарылған. Сарапшылар бұл жағдайдан Мәсімов пен оның айналасындағы адамдар пайда тапқан болуы мүмкін екенін айтады.
Әлемге таралған мүліктер
Айгүл Нұриева мен оның бұрынғы күйеуі Ғафур Ихсан әлемнің бірнеше елінен, соның ішінде Ұлыбритания, Франция және Гонконгтан қымбат виллалар мен пәтерлер сатып алған. Бұл жылжымайтын мүліктердің жалпы құны 90 млн доллардан асады. Оның қаржылық операциялары әсіресе Ұлыбританиядағы құқық қорғау органдарының назарын аудартқан.
Азаматтықтан қашу жоспары
Нұриева өз қауіпсіздігін алдын ала ойластырғаны байқалады. Қазақстан азаматтығымен қатар, ол Кипрдің төлқұжатын, Ұлыбритания мен Гонконгтың ықтиярхаттарын, сондай-ақ Американ Самоасынан резиденттік мәртебе алған. Бұл мәртебе онымен тек салықтық жеңілдіктер ғана емес, сонымен бірге АҚШ азаматтығына апарар жолды да ашады.
Егер Нұриева болашақта АҚШ азаматы атанса, онда оның Қазақстанға экстрадициялануы мүмкін болмай қалуы ықтимал. Бұл өз кезегінде, оған тағылған кез келген айып бойынша тергеуді қиындатуы мүмкін.