Жаңалықтар

Мәскеуде Брест қамалын қорғаған қазақ батырының ұрпақтары туралы фильмнің премьерасы өтті

Мәскеудегі Жеңіс мұражайындағы «Поклонка» кинотеатрында Брест қамалын қорғауға қатысқан қазақ батыры Қасым Жарменов және оның ұрпақтары туралы «Цитадель» деректі фильмінің премьерасы өтті, деп хабарлайды qandastar.kz

Кинотуынды көрсетілімінің алдында Евгений Примаков және Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев сөз сөйлеп, туындының тарихи маңызын атап өтті.

Евгений Примаков фильмді «фантастикалық еңбек» деп бағаласа, Дәурен Абаев қазақ батырларының тағдыры мен ортақ тарих арасындағы байланыстың ажырамас екенін айтты.

Фильмнің режиссері Алексей Никулин оқиғаның Чукоткада іздеушілер тапқан, қазақ тілінде жазылған комсомол билетінен басталғанын жеткізді. Осы құжат арқылы жауынгердің аты-жөні анықталып, оның тағдыры, ерлігі және бүгінгі ұрпақтары туралы үлкен зерттеу жасалған.

Қасым Жарменов алғашқы шайқасын 1941 жылы 22 маусымда Брест қамалында өткізді. Ол тұтқынға түсіп, нацистік концлагерьлерден өтіп, ол жақтан қашып шықты. Кейін Чехословакияда партизан болып, Жеңісті сол жақта қарсы алды. Соғыстан кейін ол туған қаласы Шымкентке оралып, мектеп мұғалімі болды.
Батырдың немересі Денис Жарменов пен шөбересі Тимур «Цитадель» фильмінің түсіріліміне қатысып, олар өздерінің аталары туралы және оның майдандағы жолын қалай зерттегендері туралы әңгімеледі. Ұлы Жеңістің 80 жылдығында олар Қасымның нацистермен алғаш шайқасқан жеріне барды.

Майдангердің туған қаласы – Шымкент фильмді қабылдайтын алғашқы өңір болмақ. Туындының көрсетілімі 13 желтоқсанда өтеді.

Сондай-ақ, Брест бекінісін қорғаған Қасым Жарменовтің Қазақстандағы ұрпақтары туралы фильмнің премьерасы қарсаңында Қазақстанға Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан екі қазақстандық жауынгердің сүйегі ресми түрде қайтарылғанын атап өткен жөн.

Жеңіс музейінде өткен салтанатты шарада батырлардың рухына құрмет көрсетіліп, олардың есімін елге жеткізуге атсалысқан іздеушілер мен ұйымдарға алғыс айтылды.

«Россотрудничество» басшысы Евгений Примаков батырлардың ерлігін еске алып, олардың сүйектерін туған жерге жеткізу – тарихи әділдікті қалпына келтіру екенін атап өтті.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button