Әлеумет және қоғам

Мәскеудің мэриясы мен «мәслихатынан» «қулық асырған» Көшербаев

Фото: ашық дереккөз
Ұлы Абайдың 180 жылдығы аясындағы атаулы 10 күндік басталды. Қазаққа құбыла болып орнығуға тиіс Абай парасатына құрмет ретінде өтетін бұл күндердің мәні мен мазмұнына тереңірек бойлай жатармыз. Ал әзірге, 2018 жылы Мәскеуге барған сапарымда естіген қызық ақпарымды бөліскім келеді.
Сапар барысында Абай ескерткішіне тағзым еттік. Ескерткіштің орыны, ауқымы, эстетикасы қатты ұнады. Өз елімізде көше, аудан атауын өзгертудің өзі мұңға айналғанда, федеративтік Ресейдің қақ төрінен Абайға орын бұйыруы – таңданыс тудырмай қоймады. «Осы іске мұрындық болған кім екен?» деген сұрақ көкейімнен кетпеді. Іздестіріп, зерттей келе, бұл бастаманың артында мемлекет қайраткері Қырымбек Көшербаев тұрғанын білдім. 1992 жылдан басталып, нүктесі қойылуы өте ұзаққа созылған шекара бекіту жұмыстарын түйіндеу, шегелеу миссиясымен елші қызметіне тағайындалған Елеуұлы айтулы істе де шынымен үлкен қажыр-қайрат көрсетіпті.
Ресей – федеративтік мемлекет. Ондағы әр губернияның, әр субьектінің өз заңы, өз парламенті бар. Бұл дегеніміз — біздегідей әкімнің бір ауыз сөзімен, бұйрығымен шешілетін мәселе емес. Ол жақта келісу, бекіту ұзақ қаралып, сараланады.
Осындай күрделі жүйеге қарамастан, ұлттық руханият ауқымын кеңейтуді мұрат тұтқан Көшербаев Мәскеу мэрі Лужковқа барады. Лужков рухани һәм саяси мәні бар ұсынысты зерделеп-қолдаған кейіп танытқанымен, оған құзыры жетпейтінін ашық айтады. Шешім шығаратын Мәскеудің думасы, бізше айтқанда «мәслихаты». Дума қала территориясында өзге түгіл өз тұлғаларына ескерткіш орнатуға шектеу қойып тастаған. Оған мэрияның, бізше «әкімдігі» әлі келе бермейді. «Әкімдік» пен «мәслихат» қашан да қырғи-қабақ о жақта. Біздегідей «лауазымды ауыздан» түскен сөзді қағып ала қолмайды және. Сол кезде Қырекең өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын қадамға барып, әуелі мэрдің тілін тауып, тамырын басады. Лужков шынын айтып, астарлап бір кеңес береді. «Дума төрағасына мені сәл сынап сөйлесеңіз (жамандасаңыз) ғана мақсатыңызға жетесіз…» дейді. Ләббайын күткен әккі дипломат (Көшербаев) Платоновпен кездесіп, Абайдың орыс халқына қатысты орамды ойларын тізіп, Ресеймен шекаралас мемлекеттердің рухани көсемдерінің ешқайсының мұраларында орыс халқына қатысты құнды ой-тұжырым жоғын дәлелдеп, сөзінің соңын «осы дәйектерімді мэрге ұсынып едім, тіпті түсінбеді де» деп аяқтайды. Соңғы сөз мэрмен ішкі тайталасы бар Платоновқа жаға кетеді. Осылайша Қырымбек Елеуұлы қалалық думада «Абай туралы сөз» деген тақырыпта кең ауқымды баяндама жасауға мүмкіндік алады. Депутаттар Мәскеу орталығына ескерткіштер орнатуға шектеу қойған заң-шешімді өзгертеді. Соның нәтижесінде Ресей астанасының дәл жүрегінде хәкімнің ескерткіші бой көтереді. Бұл шет ел астаналарындағы ең алғашқы Абай ескерткіші еді.
Кесек саясаткер бұл қадамға қолы бостықтан барған жоқ. Ұлтты айқайлап мойындата алмайтынымыз белгілі. Мәскеуде қасқайып тұрған Қазақтың кім екенін білсе, Қазақтың интеллектісінің деңгейін де мойындайды деген терең ой тұрғаны анық ағамызда. Қазір өзге елдерде ойшылымыздың бірнеше ондаған ескерткіш-бюсті бар. Саяси мансабының әуелгі кезеңінде осындай тәуекелдерді бастан өткерген қайраткер Қырекеңнің ұлт руханиятының алтын қорына айналған «AbaiTV» арнасының ашылуына жол ашқан ірі ісін де атап өткеніміз жөн.
Менің ойымша, шындығына келсек, Хәкім Абайдың өзі біздің дәріптеуімізге мұқтаж емес. Біз Абайға мұқтажбыз. Бізге бағдаршам болатын оның ақыл-парасатына мұқтажбыз. Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін оқитын, жаттайтын, түсінетін қоғам қалыптастыруға зәруміз. Сол үшін де оң-солын танымаған өскелең ұрпаққа, жарық дүниеде адасқан қаракөздерімізге – мына өзімізге Абайдың асыл мұрасын дәріптеуіміз керек, бағасын арттыруымыз керек. Сол себепті де әркім Абайды танығанынша насихаттауы керек. Саясат пен руханияттың қанатын тең қатайтқан Қырымбек Көшербаевтың қарым-қабілетінің қарқыны бөлек қой, ол өз деңгейінде Абайды өзімізге де, өзге де танытатын елеулі еңбек етті. Бұл бір мысал.
Ал қазіргі сөз ұстағандар мен атқа мінер ағалар халыққа адал қызметпен бірге Абайға қызметті өзінің арының алдындағы парызы санауы керек. Сонда ғана дәуіріміздің ұлы миссиясы ешбір қате-қисықсыз орындалып, Абай даналығы да, халық санасы да өз биігіне көтеріледі.
180 жылдық мерейтой құтты болсын, ағайын!
Дәурен ОМАРОВ, 
журналист
Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close