ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болатбек Нәжметдинұлы журналист Михаил Козачковтың үстінен полицияға «жала жабу» бабымен арыз түсірді, деп хабарлайды qandastar.kz.
Бұған дейін Козачков депутатты жемқорлық үшін сотталған деп айыптап, оның мандатының заңдылығына күмән келтірген.
Журналистің айтуынша, бұл дау 2022 жылы әлеуметтік желідегі жазбадан кейін басталған. Ол кезде журналист Болатбек Нәжметдинұлының иелігіндегі “Dala Fruit” компаниясына байланысты материал жариялаған.
“Сол жылы БАҚ-та “Dala Fruit” компаниясының италиялық алхоры өсіру үшін мемлекеттен миллиардтаған субсидия алғаны, алайда іс жүзінде ешқандай жеміс-жидек өсірмегені туралы ақпарат тарады. Ал алқаптарды шаң басып, қараусыз қалғаны видеода көрсетілді. Кейін белгілі болғандай, жеміс-жидектер шетелден тасымалданып, өздері өсіргендей етіп көрсеткен. Осылайша мемлекеттен бөлінген қаражат мақсатсыз жұмсалған болуы мүмкін деген сарында жазба қалдырдым”, — деді ол Dalanews.kz агенттігіне берген сұхбатында.



