Алматы қалалық соты журналист Михаил Козачковқа қатысты әкімшілік іс бойынша шешім қабылдады. Бұл іс Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы Әлиевтің шағымы негізінде қозғалған болатын. Алайда сот журналистің әрекетін құқықбұзушылық деп танымай, арызды қанағаттандырмады, деп хабарлайды qandastar.kz
Козачковтың айтуынша, депутат оны «жала жапты» деп жауапқа тартуды сұраған, бірақ сот бұл талапты қанағаттандырмаған.
«Сот менің әрекетімнен ешқандай құқық бұзушылық таппады. Әлиевтің арызы толықтай қабылданбады. Оның адвокаты мені Конституцияны бұзды деп айыптауға тырысты, бірақ сот бұл дәлелді ескермеді», – деді журналист.
Шешім шыққаннан кейін Козачков пен оның қорғаушылары бұл іс заңсыз қозғалған деп есептелетін тұлғалардан шығынды өндіріп алуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, бұған дейін журналист Әлиевтің 2008 жылы сот арқылы қызметтен босатылу себебін өзгертіп алғанын анықтаған.
Бұрын оның еңбек кітапшасында: “Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Бас кеден басқармасының бастығының ұсынысы негізінде сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін жұмыстан босатылды” деп жазылған болса, кейін бұл тұжырым “Өз еркімен жұмыстан кетті” деп өзгертілген.
“Бірақ бәрібір түсініксіз. Егер артында “жемқорлық дауы” бар болса 2007 жылы ол мемлекеттік қызметке қалай оралды?», — деп жазған еді журналист.



