
Фото: ашық дереккөз
Қазақстан — пайдалы қазбаларға бай ел, алайда жер қойнауы әлі толық зерттелмеген. Бұған заңнаманың толық жетілмегені себеп болып отыр. Қазіргі заңнама бойынша инвесторлар өз қаражатымен геологиялық зерттеу жүргізгенімен, табылған кен орнын өздері игеруге кепілдік ала алмайды. Бұл жағдай инвестиция тартуды қиындатады, деп жазды qandastar.kz
Ресми деректерге қарағанда, Қазақстанның 1,5 млн шаршы шақырым жеріне геологиялық және геофизикалық барлау жасалған. Ал президент тапсырмасымен бұл аумақ 2026 жылға дейін 2,2 млн шаршы шақырымға дейін ұлғайтылады.
Осыған орай Мәжілістің бір топ депутаты жаңа заң жобасын дайындап, ондағы негізгі өзгерістерді Мәжілістің Экология және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин түсіндірді.
Инвесторлар игереді
Қазіргі заң бойынша инвестор жаңа кен орнын тапса, ол жер мемлекет балансына өтіп, кейін аукционға қойылады. Бұл инвестор үшін тиімді емес, себебі оның салған қаражатының жемісін көруі қиын.
Заң жобасы бойынша енді «аз зерттелген аумақта» өз қаражатына геологиялық іздеу жүргізген инвесторға сол жерді әрі қарай барлап, игеру құқығы беріледі. Яғни, «кім тапса – сол игереді» қағидасы енгізіледі.
Егер инвестор кен орнын игеруден бас тартса, ол жер мемлекетке қайтарылады. Барлық өтінімдер электронды түрде қабылданады, әрі шетелдік және отандық инвесторларға тең мүмкіндік беріледі.
Монополияға жол жоқ
Заң жобасында бір инвесторға берілетін аумақтың көлемі шектеледі – максимум 500 блок, шамамен 1100 шаршы шақырым. Әр инвестор алған жерінің кемінде 30% бөлігінде нақты зерттеу жүргізуге міндетті.
Зерттеулер белгіленген мерзімде аяқталмаса, жер мемлекетке қайтарылады. Инвесторға бастапқыда үш жыл, әрі үш жылға қосымша уақыт беріледі.
Ұлттық мүдде қорғалатын болады
Егер жеке инвестор ірі мұнай немесе газ кен орнын тапса (мұнай үшін – 100 млн тонна, газ үшін – 50 млрд текше метр), ұлттық компанияға кемінде 50% үлес беріледі. Бұл келіссөздер аукционсыз тікелей жүргізіледі. Сонымен қатар ұлттық компания инвестордың геологиялық зерттеуге кеткен шығынын өз үлесіне сай өтейді.
Резервтегі учаскелерге де талап қойылады
Ұлттық компанияларға резервте ұсталған, бірақ игерілмеген учаскелерді үш жыл ішінде өңдеу міндеттеледі. Егер жұмыс басталмаса, жер бәсекелестік ортаға беріледі, бұл монополияны болдырмайды.
Уран саласындағы «Қазатомөнеркәсіптің» басымдығы
Уранды барлау және игеру саласында басым құқық ұлттық компания «Қазатомөнеркәсіпке» беріледі. Бұл стратегиялық шешім энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Инвестиция тарту – басты мақсат
Жаңа заң жобасы геологиялық барлау саласын дамытып, 1 млрд АҚШ долларына дейін инвестиция тартуды көздейді. Ол сондай-ақ зерттелмеген аумақтардан құнды мәліметтер алуға мүмкіндік береді.