Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылдан бастап мектептерде «Құқық негіздері» пәні оқытыла бастады. Сонымен қатар оқушылардың құқықтық сауатын арттыру мақсатында білім беру бағдарламасына «Конституция негіздері» және «Заң мен тәртіп» курстары енгізіледі. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Ақордаға сілтеп хабарлады.
Жаңа курстардың басты мақсаты – жасөспірімдерге заң талаптарын сақтаудың және Конституцияны құрметтеудің маңызын түсіндіру. Заңды білетін әрі оның талаптарын орындайтын жастардың болашағы жарқын болатыны атап өтілді.
Сонымен бірге құқық бұзушылықтың жастардың өміріне кері әсер ететініне назар аударылды. Осыған байланысты оқушыларға заң талаптарын бұзудың ықтимал салдарын түсінікті түрде жеткізу маңызды.
Бұдан бөлек, мектеп оқулықтарының мазмұны қазіргі заман талаптарына және жаңа Конституцияның негізгі қағидаларына сәйкес келуі қажет. Бұл міндеттің сапалы әрі уақытылы орындалуына Үкімет пен жауапты министрлік тікелей жауапты болады.



