
Шымкент қаласының 15 жастағы оқушысы Арсен Алмасхан медициналық диагностика саласында ерекше жаңалық ашты. Ол жасанды интеллект технологиясына негізделген, диабет пен басқа да созылмалы ауруларды бар-жоғы 3 секундта анықтай алатын бағдарлама әзірледі, деп жазады qandastar.kz сайты Sputnik Қазақстан Telegram арнасына сілтеме жасап.
Жас өнертапқыштың айтуынша, бағдарлама адам денсаулығына байланысты 8 түрлі көрсеткішті талдап, бірнеше ықтимал диагнозды бір уақытта шығара алады. Жүйе жылдамдығы мен дәлдігі жағынан дәстүрлі талдау әдістеріне қарағанда әлдеқайда тиімді.
Арсеннің бұл идеяны әзірлеуіне отбасы жағдайы әсер еткен. Оның қарындасына нақты диагноз қою үшін дәрігерлерге бірнеше ай қажет болып, төрт ай бойы түрлі тексерулерден өткен. Сол кезде жасөспірім медициналық процестердің баяулығын байқап, ауруды анықтайтын жылдам әрі қолжетімді жүйе жасауды мақсат еткен.
Қазір Арсен бағдарламаны жетілдіру үшін команда жинап, интерфейсін жақсартуды, ауру түрлерін кеңейтуді және медициналық мамандармен бірлесіп клиникалық сынақтар жүргізуді жоспарлап отыр.



