БілімЖаңалықтар

Мектепте телефон қолданған оқушылардың ата-аналарына айыппұл салынбақ

Қазақстанда енді мектепте телефон пайдаланған оқушылардың ата-аналары жауапқа тартылуы мүмкін. Бұл туралы  qandastar.kz хабарлады.

Жаңа талаптың басты мақсаты – оқушылардың сабақ кезінде назарын тек оқу процесіне аудару. Сарапшылардың пікірінше, ұялы телефоннан алшақ болған балалардың үлгерімі жақсарып, тәртіп те нығаяды.

Ережеге сәйкес, егер оқушы сабақ үстінде телефон қолданса, әкімшілік жауапкершілік ата-анасына жүктеледі. Алғаш рет тәртіп бұзған жағдайда ескерту беріледі, ал қайталанса, 5 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 19,500 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Айыппұлды полиция қызметкері мектеп әкімшілігінің шақыруымен ресімдей алады.

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың айтуынша, мұндай шараның қажеттілігі бар.

“Мұғалімдер оқушыларға телефонды сөндіруді талап еткенмен, кейбір ата-аналар оған рұқсат етпейді. Ал оқу — зейінді қажет ететін күрделі процесс,” – деді депутат.

Мұғалімдер де бұл бастаманы қолдап отыр. А.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясының мұғалімі Феруза Мирзарахимова оқушылардың телефонға алаңдауы білім сапасына теріс әсер ететінін атап өтті.

Ата-аналардың көпшілігі де жаңа ережені қолдайды. Олардың пікірінше, телефон тек сабақта ғана емес, үйде де баланың назарын бөледі. Дегенмен, кейбірі байланыс үшін телефон қажет екенін алға тартады.

Мысалы, ата-ана Гүлжамал Сопбекова былай дейді.

“Балам қосымша сабақтарға барады, сондықтан байланыс үшін телефон қажет. Бірақ мектепте оны сабақ басталарда жинап алып, соңында қайтарады. Қажет болса, мен сынып жетекшісі арқылы хабарласамын.”

Жаңа талап мектептерде оқу процесін тәртіпке келтіріп, оқушылардың зейінін арттыруға бағытталған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button