Білім

Мектептегі «дедовщина»: Қызылордада оқушылар төбелесіп, біреуі ауруханаға түскен

Фото: ашық дереккөз

Шиелі ауданының орталығында орналасқан №127 мектеп-лицейінде оқушылар төбелескен, деп хабарлайды qandastar.kz

Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, Шиелі ауданында 5 қазанда мектепте оқушылар арасында төбелес орын алған.

«Нәтижесінде бір жасөспірім Шиелі аудандық көп бейінді орталық ауруханасына жатқызылған. Бүгінгі күні бала қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылған. Науқастың ауруханаға жарақатпен түскендігі ішкі істер органына хабарланды», – деп хабарлады басқарма.

Қызылорда облысы Полиция департаменті аталған дерек бойынша іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Шиелі аудандық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 3-бөлігімен (пышақтарды, кастеттердi және өзге де суық қаруды қолдану) қылмыстық іс тіркеп, тергеп-тексеру жүргізуде», – делінген департаменттің ақпаратында.

Айта кетейік, оқушылар арасындағы төбелес Шиелі ауданында бірінші рет болып тұрған жоқ. Биыл мамыр айында Ш.Қодаманов ауылында жоғары сынып оқушылары өздерінен кіші балаларға «амандаспағаны» үшін әлімжеттік көрсетіп, оларды ұрып-соққан. Салдарынан 9 сынып оқушысы оқиға орнында көз жұмған болатын. Бұл іс бойынша үкім шықты. Кінәлілердің бірі 6,8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close