Қыркүйек айының келуімен оқушылар үшін сабақ, үй тапсырмасы, қосымша үйірмелер мен жаттығулардан тұратын күн тәртібі қайта басталады. Жазғы демалыстан кейін жаңа режимге балалардың ғана емес, ата-аналардың да бейімделуіне уақыт қажет. Таңертең баланы ояту, мектепке дайындау, сөмкесін тексеру, үй тапсырмасын орындату сияқты күнделікті міндеттер ата-аналардың уақытын алады.
Мұндай жағдайда технология күнделікті шаруаның бәрін ата-ананың орнына атқармаса да, олардың бір бөлігін жеңілдетуге көмектеседі. Мысалы, дауыстық көмекшісі бар ақылды құрылғылар арқылы ескертпелер орнатып, уақытты жоспарлауға және кейбір әрекеттерді автоматтандыруға болады, дейді Qandastar.kz.
Ескертпелерді алдын ала орнату
Мектеп оқушылары күн сайын «сөмкеңді жина», «үй тапсырмасын орында», «қосымша сабаққа дайындал» деген ескертулерді естуі мүмкін. Бұл міндеттерді автоматты түрде еске салатын жүйе баланың өз уақытын реттеуіне көмектеседі.
Алиса орнатылған ақылды станцияға белгілі бір уақытқа бір реттік немесе қайталанатын ескертулер қоюға болады. Мысалы, сабақтан кейін үй тапсырмасына отыруды, кешке сөмкені дайындауды немесе белгілі бір күндері репетитормен сабақ барын еске салуға болады.
Сондай-ақ кітапханаға кітап қайтару, мектепке қажетті құжат апару немесе сабаққа керек заттарды жинау сияқты бір реттік тапсырмаларды да алдын ала белгілеуге болады.
Ақылды станцияны оятқыш ретінде де пайдалануға болады. Оқушы таңертең ояну үшін қажетті уақытты белгілеп, белгілі бір әуенді таңдай алады. Бұл ретте оятқышты өшіру үшін смартфонды қолға алудың қажеті жоқ, өйткені құрылғыны дауыспен басқаруға болады.
Үй тапсырмасын таймер арқылы жоспарлау
Көлемді үй тапсырмасы балаға бірден орындауға қиын болып көрінуі мүмкін. Сондықтан жұмысты шағын бөліктерге бөліп, олардың арасында қысқа үзіліс жасау тиімді.
Мысалы, оқушы белгілі бір пәнге 20 минут уақыт бөліп, кейін бірнеше минут демала алады. Ақылды колонкадағы таймер бұл уақытты бақылауға көмектеседі. Ол үшін қажетті уақытты дауыстап айту жеткілікті.
Таймерді сабақтан бөлек, сөмке жинауға, бөлмені реттеуге немесе кітап оқуға бөлінген уақытты бақылау үшін де пайдалануға болады. Осылайша бала біртіндеп уақытын өздігінен жоспарлауға үйренеді.
Сабақ оқуға қолайлы жағдай жасау
Күзде күн ерте батады. Сондықтан кешкі уақытта үй тапсырмасын орындау кезінде жұмыс үстеліндегі жарықтың жеткілікті болуы маңызды.
Егер үйде ақылды шам мен Алиса орнатылған құрылғы болса, жарықты белгілі бір уақытта автоматты түрде қосылатын етіп баптауға болады. Сонымен қатар бірнеше құрылғыны бір сценарийге біріктіруге мүмкіндік бар. Мысалы, таңертең оятқышпен бірге жарық қосылса, кешке арнайы пәрмен арқылы түнгі шамды жағып, перделерді жабуға болады.
Түсініксіз тақырыптарды сұрау
Үй тапсырмасын орындау кезінде оқушының түрлі сұрақтары болуы мүмкін. Мысалы, табиғи құбылыстың қалай пайда болатынын, белгілі бір тарихи оқиғаның себебін немесе ғылыми терминнің мағынасын білгісі келуі мүмкін.
Мұндай кезде дауыстық көмекші арқылы сұрақ қойып, қысқаша түсініктеме алуға болады. Алиса күрделі тақырыптарды қарапайым тілмен түсіндіруге, түрлі деректерді еске түсіруге және қосымша ақпарат беруге көмектеседі.
Сонымен қатар оқушы астаналар, табиғат, тарих немесе ғылым туралы жалпы сұрақтар қойып, жаңа мәліметтермен таныса алады. Алисамен қазақ және орыс тілдерінде сөйлесуге болады.
Жауапкершілікті біртіндеп балаға беру
Мектепке дайындық кезінде технологияны тек ойын-сауық құралы ретінде қарастырмай, күн тәртібін ұйымдастыруға көмектесетін құрал ретінде де пайдалануға болады.
Ескертулерді өздігінен орнату, уақытты таймер арқылы бақылау, қажетті ақпаратты сұрау немесе аудиокітап тыңдау сияқты қарапайым әрекеттер баланың дербестігін арттырады.
Технологияның негізгі мақсаты — баланың орнына оқу немесе барлық міндетті орындау емес. Керісінше, оқушының өз уақытын ұйымдастырып, күнделікті міндеттеріне жауапкершілікпен қарауына жағдай жасау. Бұл дағдылар мектептегі оқу кезеңінде ғана емес, кейінгі өмірінде де қажет болады.