
Фото: ашық дереккөз
Тараз қаласында сот бастауыш сынып мұғалімінің еңбек құқығына қатысты істі қарады, деп жазды qandastar.kz
Мұғалім өз арызында жұмысынан заңсыз шығарылғанын айтып, сотқа жүгінген. Айтуынша, мектеп әкімшілігі оны «моральға жат әрекет жасады» деген себеппен жұмыстан босатқан. Алайда мұғалім бұл айыппен келіспейтінін, оқушылардың ата-аналарымен туындаған келіспеушіліктер тек оқу процесіне қатысты мәселелер екенін жеткізген.
Соттың хабарлауынша, қызметтен босату кезінде әдеп жөніндегі кеңестің қорытындысы алынбаған, ал жұмыс беруші келтірген айыптар нақты құжаттармен дәлелденбеген. Сонымен қатар, мектептегі кәсіподақ ұйымы да мұғалімге қатысты құқықбұзушылықтар дәлелденбегенін айтып, оны жұмыстан шығару шешіміне қарсылық білдірген.
Нәтижесінде сот мектеп басшылығының мұғалімді жұмыстан босату туралы шешімін заңсыз деп танып, оны қызметіне қайта орналастыру туралы үкім шығарды. Сонымен қатар, сот мұғалімге мәжбүрлі түрде жұмыссыз жүрген уақыты үшін 1,8 миллион теңге көлемінде жалақыны, 50 мың теңге моральдық өтемақыны және 300 мың теңге сот шығындарын төлеуді мектепке міндеттеді.