Білім

Мектептерде төртінші тоқсан басталды

Фото:Василий Крась

Оқу жылының соңғы тоқсанының ұзақтығы 8 оқу аптасын құрайды. 1 сәуірде басталған жаңа оқу тоқсанының 25 мамырда қорытындылары шығарылып, 2024-2025 оқу жылы аяқталады, – деп хабарлайды qandastar.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Жаңа тоқсанда Ақжарда жайлы мектеп жұмысын бастады.

Төртінші тоқсан қарсаңында өңір басшысы оқытушылар құрамымен және оқушылардың ата-аналарымен кездесті.

Ақжардағы жаңа №79 жалпы білім беретін орта мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынды. Бұл білім ошағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде білім алу үшін сапалы жағдай жасау туралы тапсырмасын іске асырудың жарқын үлгісі.

Мектеп директорының м.а. Мәншүк Досжанованың айтуынша, оқу мекемесі 300 орынға шақталған, заманауи оқу кабинеттер, зертханалармен және IT құзыреттілікті дамыту үшін арнайы аймақтармен жабдықталған. Мұнда екі компьютерлік кабинет және робототехника сыныбы, STEM-зертхана, шеберханалар, заманауи кітапхана, оқу залы, жайлы коуоркинг алаңдары мен қозғалыссыз және белсенді ойындарға арналған жабдықталған алаңдар, сондай-ақ спорт және акт залдары бар.

Мектеп оқушылардың білімі мен шығармашылығын дамыту үшін барлық қажетті заттармен жабдықталған. Оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасауға көңіл бөлінген.

Мектепке әзірге 325 бала қабылданды, оқыту екі ауысымда жүргізіледі.

Облыс әкімі оқушылардың ата-аналарымен кездесуде осындай заманауи мектептердің құрылысы өңірдегі білім беру сапасын жақсартудағы маңызды қадам екенін атап өтті.

«Президент тапсырмасы аясында біз білім беру инфрақұрылымын белсенді дамытып жатырмыз. Жайлы мектептер – бұл жаңа ғимараттар ғана емес, балаларымыздың дамуына барлық жағдай жасалған заманауи білім беру орталықтары. Оқушыларға сәттілік тілеймін, осындай жайлы және заманауи орта ұсынған барлық мүмкіндікті тиімді пайдаланғандары жөн. Биыл облысымызда 11 400 оқушыға арналған тағы 13 жаңа жайлы мектеп ашылады. Әрбір оқу орны ең жоғары стандарттарға сай болуы үшін біз осы бағытта одан әрі жұмыс істейміз», — деп атап өтті облыс әкімі.

Оқушылардың ата-аналары алғыс сөздерін де жеткізді.

«Бұл – бізге нағыз мереке. Ақжарда тағы бір мектеп ашылды. Менің немерелерім мен жиендерім осында оқиды. Мектеп өте керемет, өте әдемі. Мұнда домбыра сыныбы, қыздар мен ұлдарға арналған шеберханалар бар. Қазір балаларға ең жақсысы ғана ұсынылады, ата-ана ретінде балаларымыздың жайлы және заманауи жағдайда оқитынына сенімді бола аламыз. Мұны жүзеге асырған барша азаматтарға үлкен рақмет!»- деді Айнагүл Сәбитеева.

«Мектеп өте жақсы. Сапалы білім алу үшін қажет нәрсенің бәрі бар – робототехника кабинеті, зертханалар, акт залы, спортзалы. Мен немерелерімнің осындай жақсы жағдайда оқып, барлық бағытта дамитынына өте қуаныштымын. Осы мектепті ашуға көмектескен жандарға ризашылығымды білдіремін», — деді Мырзабай Бабашев.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close