Жаңалықтар
Мектептің өзін дұрыс сала алмайды, АЭС қалай салады – Маман қоғам қорқынышы туралы
Мемлекет басшысы БАҚ өкілдерімен кездесуде Қазақстандағы атом электр стансасы құрылысы бойынша референдум күзде өтетінін мәлімдеді. Осы орайда Ядролық физика институтының директоры Саябек Сахиев референдум не үшін қажет екенін, АЭС салу ісі саясиланып кеткенін, оның құрылысын қолдамау үшін елімізде сатып алынған сарапшылар барын және халықтың станса салуға қатысты қорқыныштарын айтып берді,-деп хабарлайды Qandastar.kz
– Еліміздегі АЭС құрылысын халық шешетін болды. Бірақ мамандар “АЭС салу Қазақстан үшін қажеттілік. Себебі электр энергиясы жетпейді, онсыз экономика дамымайды” деп отыр. Сонда бюджеттен қаржы шығындап референдум өткізу қаншалықты қажет? Оның маңызы неде?
– Осы күнге дейінгі референдум жасау тарихына қарайтын болсақ, ылғи Ата заңға өзгерістер енгізумен келдік. Ал бұл – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халықтың ойын, пікірін тыңдайын деп жатқан бірінші референдум, яғни халықты тыңдайтын үкімет деп түсінемін және ол қажет. Бұрын қазақтың сөзі бар еді ғой “Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін” деген. Халық “Қалталылар бәріне иемдене береді. Солардың ойлары, пікірлері жүре береді” деп ойламауы керек. Бұл тәуелсіз Қазақстан болғандықтан, кез келген Қазақстан азаматының сөзі өз маңыздылығын жоғалтпау керек деп түсінемін өз басым.
Әрине референдумға қаржы кетеді. Бірақ онымен Мемлекет басшысы нені көрсетіп отыр? Үкімет үшін, басшылық үшін халықтың сөзі маңызды екенін. Өзім солай деп түсіндім.
– Референдум қорытындысы бойынша халық АЭС салудың қажеті жоқ деп есептесе, электр энергиясы тапшылығы мәселесін шешудің басқа жолы бар ма?
– Егер халық солай шешетін болса, әрине, АЭС салынбайтын шығар. Бірақ менің ойымша, қазір Қазақстанда атом электр стансасын қолдайтындар әлдеқайда көп. Мына қолдамайтын кісілердің екі түрі бар. Біріншісінде түсінбегендіктен, радиофобия болуы мүмкін, біздің елде коррупция көп деп, басқа деп қазір “жоқ” деуі мүмкін. Бірақ шынына келгенде жіліктеп бәрін түсіндіретін болса және соны қазір жаңа Қазақстанда расында сапалы жасайтын болса, онда тұрған ештеңе жоқ. Ал екіншісі қаржыландырылып қойылған тырнақшаның ішіндегі эксперттер. Сондықтан олар – дұрыс болса да бұрыс, дұрыс болса да бұрыс дейтін адамдар. Оған менің көзім жетті. Өйткені мен маман ретінде бірнеше қалаларға, облыстарға барып, халықтың ортасында сөйлесіп жүрмін ғой. Иә, түсінбеген адамдар түсінгеннен кейін дұрыс екендігін мойындайды, АЭС салу қажеттігін түсінеді. Ал ол кісілер, мысалы, менімен бірге Алматыдан 400-500 бәленбай шақырым жердегі біраз қалаларға барды. Алматыдан 25 шақырым жерде біздің Ядролық физика институты бар. Сонда суды зерттеу реакторы тұр. 57 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан қанша маман бар екен? Соны өз көзімен көріп, барлық сұрағына жауап табылатынын біле тұра келмейді. Ал 500 шақырым жерге уақыт табады, қаржы табады. Міне, ол да көрсеткіш.
– “Маман ретінде халықты аралап жүрмін” дедіңіз. Халықтың қазір АЭС-ке қатысты басты қорқынышы қандай?
– Олар бірнешеу. Біріншісі – радиофобия. Ол бұрынғы Семей ядролық полигонының салдары деп есептеймін. Сондай-ақ Ақтауда жылдам нейтрондардан BN–350 деген АЭС болды ғой. Соның қазір радиациялық қалдықтары бар. Осы – бірінші мәселе. Екіншісі бізде кадрлар жоқ деп ойлайды. Ол да мүлде қате түсінік. Біздің институттың жұмыс істеп жатқанына 67 жыл болды. Жаңағы реактордың жұмыс істеп жатқанына 57 жыл болды. Қазір институтта 700 адам жұмыс істеп жатыр. Институт ашылған кезде 1900 адамға дейін жұмыс істеген. Олардың бәрі кадр емес деп олар қалай айта алады? Үшінші қорқыныш – жемқорлық. “Бізде мектептің өзін дұрыс сала алмайды, АЭС қалай салады?” дейді. Бұл жерде ол – қате ой. Өйткені оны ұтып алатын үлкен корпорация жемқорлық жасап, бізге АЭС салмай, қашып кетеді деген дұрыс емес қой. Өйткені олар – әлемде 10, 20, 30 АЭС салып жүрген компаниялар. Өздерінің абыройын төгетін жағдайлары жоқ. Менің білуімше, АЭС салуға шамамен 10-15 мыңдай адам керек. Соның 3 мыңдайын өздері алып келуге дайын. Қалған 10-12 мыңы қазақстандықтар, яғни оқытып, жұмыстарына бас-көз болады.
– Сіз қай елді айтып жатырсыз?
– Жалпылай айтып отырмын. Тағы бір қорқыныш көбі АЭС салуды саяси кеңістікте қарастырып отыр. “Ресейліктер салмасын, олар ертең сөйтеді, сөйтеді” деп айтып жатыр. Енді мен саясаткер емеспін. Сондықтан бұл сұрақтарға жауап бере алмаймын. Бірақ біздің қойып жатқан шарттарымыз керемет, өте пайдалы. Мәселен, соның екеуін айтып өтейін. Біреуі мысалға АЭС-ті іске қосқан кезде оның бірінші отынын сол компания өзі алып келеді. Бірақ екіншіден бастап уранды ең көп өндіріп жатқан біз бе, біздің уран негізінен отын жасап, соны пайдаланады. Сонда ол АЭС құнына да әсер етеді. Электр энергиясы неғұрлым арзан, экологиялық болады деген сөз. Онда бізде талай өндірісті ашуға, яғни қосымша экономиканың барлық салаларының өсіп, өрбуіне қосымша шарттар жасалады.
– Біз ондай шарт қойдық па?
– Ол бар. Екіншісі мысалға анау жеңіп алған компаниялар әдетте сол ауылда мектеп, балабақша салады. Енді мойындау керек, коррупция бар ғой бізде. Бірақ оларды өзіміз де сала аламыз. Оның орнына жаңа зерттеу реакторын салса деп ұсыныс енгізіп отырмыз. Неліктен? Біріншіден, АЭС салуға да, зерттеу реакторын салуға да Қазақстанда әзірге құзырет жоқ. Бірақ жаңа реактор салатын болсақ, жаман ауруға қарсы қаншама дәрі-дәрмек шығарып, бес елге экспортқа шығарып отырмыз, мұның өзіндік пайдасын жүздеген миллион долларға жеткізуге болар еді. Ол әлемдік деңгейде жасалған іргелі, қолданбалы зерттеулерді ескермеген күннің өзінде. Әлемдік деңгейдегі ғалымдар өздері бізге келіп, тәжірибе қоюға мүдделі болып отыр. Мұның бәрін мың рет естігенше, бір рет көзбен көру керек. Сондықтан Ядролық физика институна мен жұрттың бәрін шақырып жүрмін. Келіңіздер, көздеріңізбен көріңіздер, одан кейін ешқашан ұмытпайтын боласыздар.
– Соңғы сұрақ болсын. Референдумда дауыс беретін халық АЭС туралы не білуі керек?
– Қазір әлемде электр энергиясын қолдану күннен-күнге артып келе жатыр. Соның бірі – Қазақстан. Егер электр энергиясын да қазір сатып алатын болса, онда біздің ешқандай мұнайымыз жетпейді ғой. Уранымыз да жетпейді. Өйткені олардың бәрі сол баяғы шикізат күйінде өтіп отыр. Ал бұл сала өзімен бірге барлық саланы жоғары сүйрей бастайды. Яғни атом электр стансасын салу – даму жолы. Сондықтан мен осы күннен өзіміздің қазақстандықтарды атом электр стансасын салу үшін дауыс беруге шақырамын.