Жаңалықтар
Мемлекет басшысы Құрбан айт мерекесімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша мұсылман қауымын Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Ел Президенті бұл күннің имандылық пен ізгіліктің символы екенін атап өтті, деп хабарлайды Ақорда.
Айт күндері мұқтаж жандарға жақсылық жасап, көмек көрсету – ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан игі дәстүр. Асыл дініміз азаматтарды бір-бірін құрметтеуге, жақындарына жанашыр болуға үндейді, – делінген құттықтауда.
Президент Құрбан айттың қоғамдағы бауырмалдық пен сыйластықты дәріптейтінін айтып, халықтың бірлігі мен ынтымағы осы рухани құндылықтар арқылы нығая түсетінін жеткізді.
Құрбан айт – ырысты ынтымақтың мерекесі. Біз еліміздегі тұрақтылықтың қадірін біліп, татулықты сақтау арқылы кез келген сыннан сүрінбей өтіп, биік мақсаттарға жетеміз. Әділетті, Таза, Қауіпсіз әрі Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент барша қазақстандықтарға айт мерекесі құт-береке, амандық пен молшылық әкелсін деген тілегін білдіріп, айттан айтқа аман-есен жете берейік деп түйіндеді.