Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар

Мемлекетаралық келісімдер трансшекаралық су ресурстарын реттеуге қалай ықпал етуде?

БҰҰ-ның мәліметінше, әлем халқының 40 проценті трансшекаралық өзен-көлдердің маңына қоныстанған, тек бестен бір бөлігінде ғана су ресурсын бірлесе пайдалану бойынша келісім бар. Көршілес елдерде де су ресурстарының біркелкі бөлінбеуі, балама көздің қарастырылмауы қоғамдық наразылықтың бастауына айналуда. Әсіресе Тәжікстан мен Қырғызстан Сырдария мен Әмудария өзенін электр энергиясын өндіру мақсатында пайдаланса, Түрікменстан мен Өзбекстан ауыл шаруашылығына кеңінен қолданады. ҚХР-дағы батыс аймақтағы тұрғын санын ұлғату, Ресейдегі өзендердің ластануы мәселені ушықтыра түскен. Осы орайда өңірлік ынтымақтастық шеңберінде мәселені қалай шешуге болатынын сараптап көрелік.

«Соңғы тұрғын екеніңді сезіну – ауыр қасірет»

Бекқали Бекбаулов – Арал ауданындағы Ұялы ауылының соңғы тұрғыны. Кезінде жал толқыны жағаға ұрған теңізде балық аулап, ұядай Ұялы ауылының қауым ел болғанын көрді. Алайда жыл сайын теңізге құятын Сырдария өзенінің арнасы тарылды, тіршіліктің күй тайды. Амалсыз Бекқали да ауылдастарымен бірге елді мекенді тастап шығуға мәжбүр болған.

Шөлдегі үй. Фото: Р.Ященко

– Ұялы ауылы мен Арал қаласының арасы 361 шақырым. Ауылды теңіз қоршап жататын. 1972 жылдың күзінен бастап балықшы қайықтары қайырлап, жағаға келе алмай қалды. Бұдан әрі бұл жерде тіршілік ету қиынға соқты, қоныс аудармаса болмады. Тұрғындардың көбі 10 шақырым жердегі Бектау қыстағына ат басын бұрған-ды. Біз, бірнеше шаңырақ соңғы сәтке дейін күдер үзбей ауылда болдық. Теңіз толар, ел оралар деген ойдың жетегінде едік. Істің оңалмасын түйсігімізбен сезген күні жылап-еңіреп, «ИЛ-6» моторлы қайығына отырғаным көз алдымда. Ауылдың соңғы тұрғыны екеніңді сезіну – ауыр қасірет, – деді ол.

Трансшекаралық өзендердің мәселесін айтар тұста Арал теңізінің ахуалына тоқталмаса болмайды. Себебі Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ су – Сырдария өзенінің ортаюы теңіздің бүгінгі халіне әкелді. Салдары ауыл шаруашылығы саласын тұралатып ғана қоймай, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жаңа арнаға бұрған болатын. Теңізге тіршілігін байлаған тұрғындар тентіреп, табысты кәсіптер кеміді. Теңіз тартылғалы Ұялы секілді қаншама ауыл қаңырап қалды: Жалпақ, Айжарымтас, Көзжетпес, Ұзынқайыр, Қасқабұлан, Тоқпан, Баян, Қосарал, Ауан…

Қазақстан биылдан бастап Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етеді. Үш жылдық төрағалық кезеңінде су ресурсын тиімді пайдалану мақсатында өңірлік ынтымақтастық тетіктерін дамытуға ниетті. Қазірдің өзінде Қытай, Ресей және Орталық Азия елдерімен трансшекаралық өзендер бойынша 35-ке жуық отырыс өткізіліпті. Оның ішінде Қырғызстанмен және Өзбекстанмен Шу, Талас, Сырдария трансшекаралық өзендері арқылы Қазақстанға су беру туралы уағдаластыққа қол жеткізілсе, Қытаймен 20-дан астам өзен, соның ішінде Ертіс және Іле өзендері бойынша келіссөздер жүргізілуде.

 

Орталық Азияда ортақ келісім орнай ма?

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының мәліметінше, 2050 жылға қарай 5 млрд адам су тапшылығын сезінуі мүмкін. Ол кезеңде Қазақстан суға ең мұқтаж мемлекеттер қатарына кіреді деген болжам бар. Бұл долбар тегін емес. Бүгінде Қазақстандағы 65 пайыз су ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады, оның жарымынан астамы тиімсіз пайдаланылып, құмға сіңеді. Сырдария, Жайық, Іле өзендері тайызданып, көрші елдердегі экологиялық жағдай мен су тұтыну көлемі ушығуда. Міне, осындай сын сәтте ирригация және дренаж жүйелерін жаңғырту, трансшекаралық өзендердегі су ресурстарын есепке алу мен мониторинг жұмысы маңызды болмақ. Мұндай мазмұндағы ойды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқаны есте.

«Орталық Азиядағы қуаңшылық пен су тасқынынан келетін шығын жалпы ішкі өнімнің 1,3 пайызы деңгейінде деп бағаланады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі 30 пайызға дейін кеміп, 2050 жылға дейін 5 миллионға жуық ішкі климаттық мигранттың пайда болуына әкеп соқтырады. Біздегі мұздықтардың көлемі қазір 30 пайызға қысқарды. Аймақтағы екі үлкен өзен Сырдария мен Әмудариядағы су деңгейі 2050 жылға қарай 15 пайызға түседі», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстанда ұзындығы мың шақырымнан асатын 7 өзен бар. Ішінде Есіл ғана елімізден басталады. Жайық, Тобыл – Ресейден, Ертіс, Іле – Қытайдан Сырдария, Шу – Қырғызстаннан келеді.

Айта кетерлігі, Сырдария өзені Қырғыз Алатауынан басталғанымен, басым дені Өзбекстаннан өтеді. Сондықтан трансшекаралық өзендерді тиімді пайдаланамыз десек, келісімнің басы қос елден басталуы керек-ақ. Бұл ретте алғашқы уағда да жасалды. Сырдарияның төменгі ағысына су жіберу бойынша үкіметаралық келісімдер өтіп, бірлесе бақылау жүзеге асқан.

Мәселен, жуырда Қазақстан мен Өзбекстан қос мемлекет тұтынатын судың нақты көлемін есептеуге мүмкіндік беретін су есептейтін қондырғыларды орнату жөнінде келісімге келді. Ерекшелігі сол, қондырғыны әркім өз жерінде емес, көрші елде орнатады. Яғни, Қазақстан Өзбекстан аумағында су есептейтін құрал орнатса, өзбек тарапы біздің елде өз қондырғыларын қояды. Сондай-ақ тараптар өзара онлайн-режимде ақпарат алмасамыз деп келсті. Қазақстан Өзбекстанның аумағында жиналған деректерге, ал өзбек жағы біздің елдегі мәліметке қол жеткізе алады деген сөз.

Осы орайда Өзбекстан экологиялық партиясының өкілі Комилжон Жураевпен байланысып, трансшекаралық өзендерді сақтауға байланысты атқарылған жұмысты білдік. Оның айтуынша, көрші ел алдымен климат өзгерісіне қатысты жобаларға басымдық беруде. Сол арқылы трансшекаралық өзендердің сақталуына себеп болмақ.

– Трансшекаралық өзендерге климат өзгерісі, шөлейтті аймақтың молаюы есер ететін түсінікті. Осы орайда Өзбекстан мемлекеті қолға алған «Яшил Макон» («Жасыл аймақ») жобасы туралы айтқым келеді. Бастама шеңберінде 5 жыл ішінде 1 млрд ағаш отырғызу жоспарланған. Жылына 200 млн көшет егу арқылы көгалды аймақтың ауқымын 30 процентке жеткіздік. Ал биыл жоба бойынша 588 гектар «жасыл парк», 622 гектар «жасыл қоғамдық парк» қалыптасты. Бұхара, Нүкіс, Хиуа, Үргеніш қалаларында жалпы ауданы 40 шақырым жасыл белдеу жасалды, – деді К.Жураев.

Жалпы Өзбекстан тарапы ортақ су – Сырдарияны құтқару идеясын көгалдандырудан іздейтіні шындық. Бұған дейін Қазақстанмен бірлесе Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл егуді бастағанын білеміз. Биыл күзде өзбекстандықтар Мойнақ ауданына қарасты Арал маңындағы учаскеде 28 мың гектар жерді көгалдандырғаны бар.

Десе де сарапшылар суды ауыл шаруашылығына есепсіз пайдалану негізгі мәселе болу керек деген ұстанымда. Мақта өсіруге көп көлемде су пайдаланған ала шапанды ағайын өзеннің төменгі ағысын құрғатып отыр. Қазір 1,1 млн гектер жерге аталған дақылды егіп, салдарынан Түркістан облысындағы шаруалар мен дихандар зардап шегіп келеді.

Қызылорда облысындағы күрішке кететін судың ысырабы да баршылық. Сырдария өзенінің суын «сығырайтуға» әкелген себепті бірі де осыдан шығады. «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаевтің пікірінше, мемлекеттер егістік жердегі суды үнемдеуге көмектесетін технологияларға бет бұруы шарт.

– Қазір су үнемдеудің тәсілі көп. Мысалы, Қызылорда облысында күріш өсіріледі. Күріш алқаптары тегіс болмағандықтан, қаншама су шығын. Сондықтан жаппай лазерлік тегістеу қондырғысын қолданған жөн. Бұл қант қызылшасын егетін шаруаларға да қатысты. Сырдариядағы су көлемі азайған уақытта қиыналмайтын жағдай жасау керек, – деді ол.

Қоғамда Сырдарияның суы азайса, қырғыздарды кінәлайтын әдет бардай. Дегенмен олардың да өз уәжі бар. Біріншіден, еларалық келісім аясында белгіленген суды Қазақстан тарапы ерте пайдаланып қояды. Екіншіден, өздерінде де су тапшы. Сырдарияның бастауы Қырғыз тауларынан шығады. Бұрынғыдай емес, таудағы мұздық жыл санап азайған. Оған климаттың өзгеруі, өндірістегі зиянды бөліністер әсер етуде.

Тақырыпқа қатысты Қырғызстан Жасылдар партиясының төрағасы Еркін Бөлекбаевтың пікірі көңіл аударуға тұрарлық. Сала маманының ойынша, келер жылы Қырғызстандағы мұздықтардың аумағы 30-40 пайызға дейін азаюы ықтимал. 50 жылда мұндағы мұздық көлемі 6 683 шаршы шақырымға дейін кеміген.

– Бүгінде мұздықтарда 750 млрд текше метр таза тұщы су бар. Таудан жыл сайын  50 текше шақырым су ағады. Соның тек 20 пайызын ғана Қырғызстан пайдаланады, қалған бөлігі көрші елдерге кетеді. Мысалы, Қазақстанның трансшекаралық су ресурстарына тәуелділігі – 42%, Өзбекстанда – 77% шамасында. Қазірдің өзінде 604 мыңға жуық қырғызстандық су тапшылығын сезініп отыр. Өткен жылы Бішкек маңындағы Селекция, Орок, Ак-Ордо, Арча-Бешик, Ынтымак және Ала-Тоо тұрғындары ауызсу мен аяқсуға мұқтаж болды, – деп түсіндірді Еркін Бөлекбаев .

Азаматхан Әміртаев. Фото BAQ.kz

Еске салсақ, 1998 жылы үш ел – Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Сырдария өзенін пайдалану туралы шешім қабылдаған. Кейінірек құжатқа Тәжікстан қосылды. Әйткенмен келісім трансшекаралық өзендер мәселесін шешуге көмек болмай тұр. Бірі жағдайдың құбылуын тараптардың теңдігі сақталмауынан іздесе, енді бірі су ақысын өтеудегі кемшілікке сүйейді.

– Бұл тақырыпта эмоция емес, рационалды ойлау ғана жеміс береді. Геосаясатта әр мемлекет өз халқының мүддесін күйттейді. Бізге су берсе, біз ол елдерге не бере аламыз? Міне, осы бағытта қозғалу керек. Мүмкін, судың ақысын шикізатпен өтеу, сол елдің азаматтарына жұмыс орнын ұсыну секілді шешім керек шығар. Мәселен, атом электр станциясын саламыз деп ұйғардық. Егер жоба жүзеге асса, көрші елдерге судың өтеміне электр қуатын беруге де мүмкіндік туады, – деді Азаматхан Әміртаев.

 Қалай десек те, кейінгі жылда жылжу бар. Мысалы, биыл оңтүстік аймақтардағы суармалы жерлерге 10,9 км3 су жіберілген. Талас және Шу өзендері бойынша көрсеткіштер айтарлықтай жақсарды. Шардара су қоймасына өткен жылдан екі есе артық су келді4,8 млрд м3. Су үнемдеу технологияларын енгізу, заңнамалық базаны жетілдіру және су инфрақұрылымын жаңғырту, тариф саясатты дамыту нәтиже бергендей.

Қытай мен Ресейден не күтеміз?

Қазір Қазақстан мен Қытайға ортақ 25 өзен бары белгілі. 2001 жылы трансшекаралық өзендерді пайдалану туралы келісім жасалған болатын. Бірақ соған қарамастан ірі өзен – Ертіс пен Іле мәселесі әлі толық шешілмей келеді. Өзі аз суды алаңмен пайдаланып отырған кезде шығыстағы көршіміз Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы халық санын көбейтіп, су қоймасын салуды үдетті. Тіпті 2050 жылы аталған аймақта суармалы жер көлемі 600 мың гектарға жетуі мүмкін. Олай болса, Іле суының Қазақстандағы үлесі 40 пайызға төмендейді дей беріңіз.

Осы орайда еліміз Қытай тарапымен келісімге келуге тырысуда. Қазір Трансшекаралық өзендерді бөлу жөніндегі үкіметаралық келісім жобасы әзірленіп жатыр. Бастысы – Іле арқылы Балқаш көлін оңтайлы деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік алу. Себебі Балқаштағы судың 70 пайызға жуығы Іледен келеді. Егер өзен суы Қытайдан қысылмай шықса, бізде де тапшылық болмайды деген сөз. Мысалы, биыл Қытаймен шекарадағы «Добын» өлшеу станциясында орташа су шығыны секундына 384 текше метрге жетті (өткен жылдан 17 пайыз көп). Іс райы осылай жалғасса, Қазақстанның ұтары анық. Сондықтан үкімет мүшелері әр сапар сайын Қытай тарапымен Келісімді пысықтап әлек.

Ресеймен де ортақ суда мәселе жоқ емес. Қос тарапқа тиесілі Жайық, Ертіс, Есіл, Тобыл, Елек, Қиғаш, Қараөзен мен Сарыөзен секілді трансшекаралық су ресурстарының жағдайы нашар. Көршілер 2010 жылғы «Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы» келісімге келді. Жыл сайын бірлескен комиссия мен 6 жұмыс тобы жасақталған. Бірақ айтарлықтай нәтиже көріп тұрған жоқпыз.

Сол себепті Ресей-Қазақстан аумағындағы өзендерді зерттеу мен бақылау өзекті болып отыр. Құзырлы орган – Су ресурстары және ирригация министрлігіне тақырыпқа қатысты сауал жолдау барысында екіжақты келісімдер жалғасып жатқанын байқадық.

«Жайық өзені бойынша су келу Январцево гидрологиялық бекетімен бақыланады. Биыл қаңтардан бастап су көлемі 19,3 км3 құрады. Жайық өзенінің орташа көпжылдық ағыны 9,46 текше шақырымды құрайтын. Бірақ, биылғы жылы су көлемі орташа жылдық нормадан асып түсті. Өзен ағыны Ресейдегі Ириклин су қоймасынан жіберілген су көлеміне байланысты қалыптасады.

Мұның бәрі – трансшекаралық өзендер мәселелері бойынша кездесулердің нәтижесы. Атап айтқанда, Жайық өзені бойындағы су шаруашылығы жағдайын жақсарту үшін жазғы және күзгі кезеңде Ирикла су қоймасынан қосымша су жіберу мәселелері шешілуде. Сондай-ақ, Жайық өзені бассейнінде зерттеу жүргізу бойынша Бірыңғай жол картасын іске асты. Бірыңғай Жол картасы шеңберінде жайылымды суға толтыру, уылдырық шашатын жерге су ағынын өткізуге мүмкіндік алдық», – делінген ресми жауапта.

Бұл ретте еларалық келісім жаңа жол ашатын секілді. Жыл басынан бері Қытай, Ресей және Орталық Азия мемлекеттерімен трансшекаралық өзендер бойынша 28 отырыс өткен. Нәтижесінде, Өзбекстаннан 4 млрд текше метрден астам, Тәжікстаннан 488,6 млн текше метр, Қырғызстаннан Шу өзені арқылы 180 млн текше метр және Талас өзенімен 380 млн текше метр су келді. Арал теңізіне 2000 млрд текше метрден астам су жеткен.

 Инфографика: Ерсін Шамшадин

Қадам: министрлік, конвенция, кодекс

Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылғанына жылдан асты. Бұл құрылым су шаруашылығы саласын түбегейлі өзгеріс әкелді десек артық емес. Реформалар да байқалды: Су кодексінің жобасы әзірлеу, су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы, кешенді жоспар мен жол картасы әзірленгенін көрдік.

Жаңа су кодексіне сәйкес, 2030 жылға дейін 2,6 текше шақырым су жинауға қауқарлы 42 су қоймасы, 1,9 текше шақырым су сақтайтын 30 су қоймасы салынбақ. 14 мың шақырымнан астам суару каналын реконструкциялау арқылы тасымалдау кезіндегі су шығынын 25% азайту көзделген.

 Инфографика: Ерсін Шамшадин

«Елде су шаруашылығы нысандарын дамыту бойынша 411 жоба іске асырыла бастады. Атап айтқанда, 575,9 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру, жалпы ұзындығы 2,5 мың шақырым болатын 203 каналды салу және реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр. Осының нәтижесінде 1 млн 48 мың тұрғыны бар 437 ауылдық елді мекенде сумен қамтамасыз ету сапасы жақсарады. Бұдан бөлек, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 3500 шақырым суару желілерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Ақмола облысында Нұра топтық су құбырын реконструкциялау жұмысының 36,6 шақырымы аяқталды, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Сонымен қатар министрлік су үнемдеу жүйелерін орнату шығынын субсидиялауды қолға алған. Қазір субсидия мөлшері 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Әр өңірге су үнемдеу жүйе орнатылған егіс алқабын көбейту үшін кезеңдік жоспар әзірленіпті. Осылайша, министрлік 2030 жылдың соңына қарай жылына 2,2 млрд текше метрге дейін су үнемдейміз деп отыр.

Айта кетерлігі, Қазақстан 2024 жылы Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан бөлек пайдалану құқығы туралы БҰҰ Конвенциясына қосылғады. Бұл БАҚ-та елеусіз айтылғанымен, трансшекаралық су ресурсын әділ бөлуде маңызы мол. Қазіргі 37 мемлекет Конвенцияға қатысушысы. Әрбірі өз аумағында халықаралық су ағынын пайдалану кезінде өзге елге зиян келтірмеу міндетін алады. Суға қатысты деректі бөлісіп, кеңес алмасып, келіссөз жүргізуге де негіз табылды.

 Инфографика: Ерсін Шамшадин

«Конвенцияда гидротехникалық құрылыстар салу іс-қимылы бойынша нақты шаралар айқындалған. Атап айтқанда, мүдделі тараптардың келісімінсіз жүзеге асыруға санкция бермейді деп жазылған. Осы тұрғыда, көрші мемлекеттермен ынтымақтастық шеңберінде су шаруашылығы іс-шарасын келісіп атқару қамтамасыз етілетін болады. Бұдан бөлек, министрлік трансшекаралық өзендердің суын бірлесіп пайдалану мәселесін мемлекетаралық су шаруашылығы комиссиясы арқылы да шешетін болады», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз.

Қазақстанда суармалы жердің ауқымы – 1,6 млн гектар. Көбі Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарына тиесілі. Аталған аймақтағы ауыл шаруашылығы трансшекаралық өзендерге байланғанын ескерсек, мәселеге байыппен қарап, жүйелі жоспар керегі сезіледі.

P.S. 2008 жылы Ұялының соңғы тұрғыны Бекқали Бекбаулов ауылына мәрмәрдан ескерткіш орнатты. Шағыл құм құрсауындағы қонысты есінен шығармай, әлі де болса туған жердің қайта түлеп, қоныс көбейетініне сенімі зор. Бұл арманына өз қолы жетпесе де, асыл мұратты ұрпағының көргенін қалайды.

Ерсін ШАМШАДИН

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close