Әлеумет және қоғам

Мемлекеттік кірістер комитеті жалған шот-фактураларды бақылауды күшейтеді

Мемлекеттік кірістер комитеті электрондық шот-фактураларды (ЭШФ) жазып беру кезінде салыстырмалы және автоматтандырылған бақылау жүргізуді енгізді. Бұл шара жалған шот-фактураларды жазып беруге жол бермеу және салық төлеушілердің заңды айналымын қамтамасыз ету мақсатында қабылданған. Бақылау «е-Тамға» сервисі арқылы нақты уақыт режимінде жүргізіледі, ал хабарламаларды мерзімінде орындамаған жағдайда ЭШФ жазып беру уақытша тоқтатылады.

Мемлекеттік кірістер комитеті жалған шот-фактураларды жазып беруге жол бермеу үшін алдын алу шараларын үнемі жетілдіріп отырады. Салық кодексіне енгізілген жаңа талаптардың бірі – электрондық шот-фактураларды (ЭШФ) жазып беру кезінде бақылау жүргізу болып табылады, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Zakon.kz порталына сілтеме жасап.

Бақылау екі нысанда жүргізіледі: салыстырмалы бақылау және автоматтандырылған бақылау.

Салыстырмалы бақылау кезінде жазылған ЭШФ салық есептілігі, уәкілетті органдар мен екінші деңгейдегі банктердің деректерімен салыстырылады. Егер нақты айналым жасалмаған ЭШФ жазу белгілері анықталса, тиісті хабарлама жіберіледі. Хабарлама мерзімінде орындалмаса, ЭШФ жазып беру уақытша тоқтатылады.

Бұзушылықтармен келіспеген жағдайда салық төлеуші айналымның нақты жасалғанын растайтын құжаттар мен түсініктеме бере алады. Келіскен жағдайда, салыстырмалы бақылау хабарламасы тәуекелді ЭШФ-ны кері қайтарып алу арқылы орындалады.

ЭШФ-ны кері қайтарып алу арқылы хабарламаны орындаған салық төлеушілерге автоматтандырылған бақылау жүргізіледі. Ол үшін «е-Тамға» сервисі арқылы сатып алынған және өткізілген тауарлар, жұмыстар мен қызметтер негізінде ҚҚС балансы нақты уақыт режимінде есептеледі.

Бақылау шеңберінде ЭШФ тек заңды шығыстар негізінде және қолжетімді теңгерім шегінде ғана жазылып беріледі. Егер баланс жеткіліксіз болса, жүйе ЭШФ нөмірін бермейді. Мұндай жағдайда салық төлеуші немесе оның сатып алушысы МКК арнайы қазынашылық шотына қаражат аударғаннан кейін ғана ЭШФ жазып берілуі мүмкін.

Бұл бақылау тұрақты емес, басталғаннан кейін 12 айдан соң тоқтатылады. Сондай-ақ, салық шоты ай сайын 6 ай ішінде толықтырылып, ЭШФ жазып беру кезінде толықтырылған сомалардың кемінде 50%-ы пайдаланылған жағдайда бақылау мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.

Мемлекеттік кірістер комитеті жақын арада салыстырмалы бақылау жүргізуді жоспарлап отыр және салық төлеушілерді хабарламаларды мерзімінде орындауға шақырады, бұл ЭШФ жазып берудің тоқтатылмауын қамтамасыз етеді.

Back to top button