Филолог, бұрынғы мемлекеттік қызметкер Гүлжазира Шабданның айтуынша, елімізде қазақ тілін дамыту бағытындағы жұмыстар тек қағаз жүзінде жүргізіліп келеді, деп хабарлайды qandastar.kz.
Ulysmedia-ға берген сұхбатында ол 15 жыл бойы мемлекеттік органдарда тіл саясатын енгізумен айналысқанын айтып, қазіргі жүйе мемлекеттік тілді іс жүзінде қолдануға мүдделі емес екенін жеткізді.
«Қазақ тілі кеңседен тыс қалып отыр. Мемлекеттік аппараттың тілі қазақша болмайынша, нақты өзгеріс болмайды», – дейді ол.
Маманның айтуынша, кадр саясаты мен жауапты органдардың әрекеті де бұл бағыттағы жұмыстың баяу жүруіне себеп. Әсіресе, Алматы қаласында тіл басқармасының таратылуы кейінгі жылдары істің мүлде тоқтауына әкелген.
Гүлжазира Шабданның пікірінше, қазақ тілінің мемлекеттік деңгейде шынайы қолданылуы үшін басқару жүйесінде тілге жанашыр әрі принципшіл мамандар болуы керек.



