Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметшілерге бизнеспен айналысуға рұқсат берілді – ФЕЙК

Күні кешегі Сенаттың соңғы отырысынан кейін бірқатар БАҚ-та тараған «Мемлекеттік қызметшілерге бизнеспен айналысуға рұқсат етілді» деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Threads әлеуметтік желісінде қолданушылардың бірі жазба жариялады, деп хабарлайды qandastar.kz

Автордың айтуынша, бірқатар медиа Заң мәтінін дұрыс түсінбей, мемлекеттік қызметшілерге шектеу алынды деген қорытынды жасаған. Алайда, қабылданған құжатта әңгіме мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар туралы айтылған.

Бұл санатқа, соның ішінде: мемлекеттік орган мәртебесі жоқ, бірақ мемлекеттің қатысуы бар ұйымдар мен мемлекеттік кәсіпорындардағы (мектептер, ауруханалар және т.б.) басқарушы буын; «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері; автожолдардағы техникалық және авторлық қадағалау жүргізетін тұлғалар жататыны көрсетілген, – дейді автор.

Жазбада атап өтілгендей, тіпті, осы теңестірілген санаттағы тұлғалардың өзіне қатысты да кәсіпкерлікпен және басқа да ақылы қызметпен айналысуға тікелей тыйым салынатын жағдайлар заңда нақты бекітілген. Атап айтқанда, егер мұндай қызмет негізгі лауазымдық міндеттерді орындауға кедергі келтірсе, қызметтік мүлікті пайдалануға әкелсе, мүдделер қақтығысын тудырса, оларға кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат етілмейді.

Сөз болып отырған құжаттың атауы: «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының шешімдерін орындау және мемлекетке заңсыз иеленілген активтерді қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң. Яғни, бұл түзетулердің негізгі мақсаты – Конституциялық Соттың шешімдерін жүзеге асыру және заңсыз жолмен алынған активтерді мемлекетке қайтару тетіктерін күшейту.

Осылайша, жазба авторы:

Мемлекеттік қызметшілерге бизнеспен айналысуға рұқсат берілді деген әңгіме жүрмейді. Барлық бұрынғы шектеулер бұрынғыша күшінде қалады, – деп нақтылайды.

Сонымен қатар, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың, ұлттық және өңірлік даму институттарының, олардың еншілес ұйымдарының менеджментіне де бұрынғыдай қолданыла беретінін атап өткен.

Осылайша, Сенат қабылдаған түзетулер мемлекеттік қызметшілерге немесе оларға теңестірілген тұлғаларға бизнес жүргізуге жалпы рұқсат бермейді. Керісінше, мемлекеттік функцияларды атқаратын адамдар үшін кәсіпкерлік қызметке қойылған шектеулер мен мүдделер қақтығысының алдын алу талаптары бұрынғыдай сақталады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button