Жаңалықтар

Мемлекеттік сатып алудағы жосықсыздық: Прокуратура 19 шенеунікті жазалады

Павлодар облысында мемлекеттік сатып алу саласындағы заңбұзушылықтарға қатысты 19 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды qandastar.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл ақпаратты өңірлік прокуратура таратты. Заң талаптарына сәйкес, тапсырыс берушілер жеткізушіні жосықсыз қатысушы ретінде тану туралы талап арызды 30 күн ішінде сотқа жолдауға міндетті.

Алайда, жүргізілген талдау бірқатар мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың бұл мерзімді жүйелі түрде сақтамағанын көрсетті.

«Мұндай әрекетсіздік келісімшарт талаптарын орындамаған жеткізушілердің жазадан құтылып кетуіне мүмкіндік береді. Ал заңда мұндай фактілер үшін лауазымды тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», – деп еске салды прокурорлар.

Мәселен, Ақсу қаласындағы мектеп-лицей Kaz Service PVL компаниясына қатысты талап арызды уақытылы бермеген. Мекеме келісімшарттың бұзылғанын 2024 жылдың тамызында білгенімен, тек бес айдан кейін сотқа жүгінген. Осы себепті сот мектептің талабын қараудан бас тартқан. Прокуратураның енгізген ұсынысынан кейін Ішкі мемлекеттік аудит департаменті мектеп директорын әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салды.

Прокуратураның мәліметінше, осындай заңбұзушылықтарды жіберген барлығы 19 лауазымды тұлға жауапқа тартылған.

Айта кетсек, 2025 жылғы қазан айының басында Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов мемлекеттік сатып алудағы негізсіз жоғары бағалар туралы мәлімдеген еді. Оның айтуынша, қарапайым орауыш скотчтың құны кейбір келісімшарттарда 2 мыңнан 99 мың теңгеге дейін жеткен.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button