Жаңалықтар
Мемлекеттік тұрғын үйді бөлу кезінде бірқатар заңбұзушылықтар тіркелді

Фото:depositphotos.com
Павлодар облысында мемлекеттік тұрғын үйді бөлу кезінде бірқатар заңбұзушылықтар тіркелді, деп хабарлайды qandastar.kz
Tengrinews.kz жазғандай, Железин ауданының прокуратурасы мемлекеттік тұрғын үйді беру тәртібін өрескел бұзу фактілерін анықтаған.
«Атап айтқанда, пәтерлер тұрғын үй комиссиясының шешімінсіз және жалдау шартын жасаспай-ақ лауазымды тұлғаларға берілген. «Кел де тұра бер” қағидаты бойынша әрекет еткен тәжірибе қалыптасқан», – деді Павлодар облысының прокуратурасы.
Мысалы, бір мұғалім 2022 жылдан бері жетім балаға арналған пәтерде тұрып келген. Сонымен қатар, 70 жалға алушы жалдау ақысын төлемеген, берешек көлемі шамамен 6,5 миллион теңгені құрайды. Алайда, ауданның жергілікті атқарушы органдары жалдау ақысын өндіріп алу шараларын қабылдамаған.
«Кейбір жағдайларда мемлекеттік тұрғын үй үшінші тұлғаларға берілген. Кезекте тұрғандар тізімінде қайтыс болған азаматтар да тіркелген. Ал әкімдік балансында 65 бос тұрғын үй болса да, олар мұқтаж жандарға таратылмаған. Қазірдің өзінде тұрғын үй кезегінде 209 адам тұр», – деп қосты прокуратура өкілдері.
Тексеру қорытындылары Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Әдеп жөніндегі кеңесінде қаралды. Жіберілген заңбұзушылықтар үшін Железин ауданының нақты сектор бөлімі басшысына «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы» ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.