
Нартай Аралбайұлы өзінің әлеуметтік желісінде ашулы жазба жариялады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Айтуынша, депутаттың жүзі мен даусын пайдаланып, құмар ойынға шақырған жалған видео тараған.
«Мәжіліске аяқ басқалы бері құмар ойынға қарсы күресіп жүргенімді, тіпті соларды жоюға арналған заң жобасы авторларының бірі екенімді білесіздер. Одан кейін де талай норма ұсындым, қабылданды. Күрес тоқтамайды, сондықтан мынадай жалған видеоға сеніп, ақшаларыңыздан айырылып қалмаңыздар», — деп жазды депутат.
Ол мәдениет және ақпарат министрі мен ІІМ министрінің атына ресми арыз да жолдап қойыпты.
«Жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық технологияны, интернетті дамыту жақсы дүние. Бірақ осындай алаяқтық әрекеттен халықты қорғауды да қоса ойлау керек. Халықтың жеке деректері тарап кеткенде мыңқ етпеген уәкілетті органдар тек интернет бағасын қымбаттатқан монополистердің жағдайын емес, елдің қауіпсіздігін ойлау керек», — деп атап өтті ол.