
Фото: Instagram/Серік Абас-Шах
Белгілі қоғам қайраткері әрі продюсер Серік Абас-Шах халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов туралы ел білмейтін оқиғаны жария етті. Айтуынша, әйгілі актер жас өнерпаз Шерхан Пірназардың оқу ақысын төрт жыл бойы өз қалтасынан төлеген, деп хабарлайды qandastar.kz
Жас актердің айтуынша, ол Алматыға үлкен арманмен келгенімен, алғашқыда тұрмыс тауқыметін көп көрген.
«Мешітте, подъезде түнедім. Таныс болған балалардың үйінде бір аптадан қонып жүретінмін. Өнер академиясына түсу – жалғыз арманым еді. 88 балл жинасам да, грант бұйырмады», – дейді Шерхан Пірназар.
Ол сол сәтте өмірін өзгерткен кездесу туралы әсерлі естелігімен бөлісті.
«Ертеңіне академияға бардым. Бір бала жүгіріп келіп: “Сені Тұңғышбай аға шақырып жатыр” деді. Барсам, ол кісі мені алып қалуды өтініп жатыр екен. Грант жоқ екенін естіген соң, Тұңғышбай аға: “Оқи бер, ақшасын өзім төлеймін” деді. Сол сәт менің өмірімдегі ең бақытты күн болды», – деп еске алды актер.
Осылайша, халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов жас таланттың оқу ақысын төрт жыл бойы өзі төлеп, актердің өнер жолындағы алғашқы қадамына жол ашқан.