
Фото:AFV VIA GETTY IMAGES
АҚШ-тың президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Жоғарғы сотқа президенттік жарлықты конституциялық деп тану туралы апелляция жолдады. Бұл жарлық елде дүниеге келген, бірақ ата-анасы заңсыз мигрант немесе уақытша мәртебесі бар шетелдік балаларға азаматтық бермеуді қарастырады, — деп хабарлайды qandastar.kz The Independent-ке сілтеме жасап.
Бұл жарлық Трамптың қызметке кіріскен алғашқы күнінде қол қойылған болатын. Ол 14-ші түзетудің ғасырдан аса уақыт бойы қолданылып келе жатқан түсіндірмесіне қайшы келеді. Бұл түзету АҚШ-та туған барлық адамға азаматтық беруді кепілдейді. Бұған дейін федералдық соттар жарлықтың күшіне енуін тоқтатқан еді.
Әкімшілік апелляцияда түзетудің қазіргі түсіндірмесін «қате» деп атап, оның «қауіпті салдарға» әкелетінін алға тартады.
Бұл – әкімшіліктің бұл мәселені Жоғарғы сотқа шығаруға жасап отырған екінші талпынысы. Маусымда алты консерватор судьядан құралған Жоғарғы сот ұлттық деңгейдегі бірқатар сот тыйымының федералдық соттардың өкілетінен асып кеткенін айтқан. Алайда туу арқылы азаматтық беру мәселесінің өзіне қатысты шешім қабылданған жоқ.
Ал шілдеде 9-шы округтің апелляциялық соты жарлықты Конституцияға қайшы деп таныды. Себебі ол 14-ші түзетудің тікелей мәтініне қарсы келеді. Бұл түзетуде: «АҚШ-та туған және оның юрисдикциясына бағынатын барлық адамға азаматтық беріледі» деп анық жазылған.