Әлем жаңалықтары
Михаил Саакашвили тағы бір тағылды

Фото: Риа Новости
Тбилиси соты Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилиді 2021 жылы шекараны заңсыз кесіп өткені үшін төрт жарым жылға еркіндігінен айыру туралы үкім шығарды, деп хабарлады qandastar.kz
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Саакашвили сот отырысына қатыспаған.
2021 жылғы 1 қазанда Михаил Саакашвили Грузияға, яғни содан 8 жыл бұрын кеткен елге оралды. Сол кезде грузин құқық қорғау органдары бұрынғы президентті ұстап алып, оған шекараны заңсыз кесіп өтті деген айып таққан.
Грузияның тергеу органдарының дерегі бойынша, Саакашвили Украинаның Черноморск қаласынан Грузияның Поти портына бет алған «Вильнюс» деп аталатын кемеде болған. 2021 жылғы 29 қыркүйекке қараған түні кеме портқа кірген соң, одан сүт өнімдері тиелген тіркемесі бар трейлер шыққан, Саакашвили соның ішінде болған.
Өткен аптада Тбилиси соты Грузияның бұрынғы президентін 2009-2013 жылдар аралығында «бюджет қаражатын талан-таражға салғаны үшін айыпты» деп танып, тоғыз жылға бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Саакашвилидің «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясы үкімнің саяси астары бар деп баға берді.
Саакашвили қазір «қызмет өкілетін асыра пайдаланғаны» үшін сот кескен алты жылдық жаза мерзімін өтеп жатыр. Қазір 2007 жылғы 7 қарашада болған оқиғаларға байланысты оның үстінен қозғалған іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Ол кезде Саакашвили Грузия президенті болатын, билік оппозиция митингісін күшпен тарқатқан еді. Қамауда болған кезінде бұрынғы президент денсаулығы нашарлағанын айтып, бірнеше рет аштық жариялаған.