Қазақстанда жол сапасы, жөндеу жиілігі мен миллиардтаған қаржының игерілуі талқылаудан түспей жатқанда Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев тағы бір батыл мәлімдеме жасады. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі Instagram желісіндегі Qazaqtoday парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Министрдің айтуынша, елде салынатын жаңа трассалар 40-50 жылға есептеліп, 2036-2040 жылдары Қазақстанмен жүргізушісіз, электрлі жүк көліктері жүріп өтеді.
Сауранбаев жаңа магистральдарға «арнайы датчиктер орнатылады» деп уәде етті. Бірақ мамандар бұл жүйе өте қымбат екенін, ал еліміздегі жол құрылысының өзі жыл сайын сынға ұшырайтынын еске салады.
Министр 2027 жылы көрші елдермен бірлескен пилотты жоба іске қосылуы мүмкін екенін айтты. Бірақ қоғамда тағы бір күмән бар. Жүргізушісіз жүк көліктерінің жылдамдығы артқанымен, еліміздегі бақылау, қауіпсіздік және шекара бекеттерінің цифрлануына дайындық қандай деңгейде?
Сауранбаевтың айтуынша, автономды көліктер транзитті жылдамдатып, экологияны жақсартады. Алайда жұртшылық «алдымен қолдағы жолдарды дұрыстап алмай, болашақ технологиялар жайлы айту – ерте емес пе?» деген пікірде.



