Қоғам қайраткері, ағартушы, «Мазмұндама» баспасының директоры Шыңғыс Мұқан Қыздар педагогикалық университетіндегі (ҚызПУ) Coffee Book жобасының тағдырына алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы ол Facebook-тегі жеке парақшасында жазды, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, жоба бір жыл бұрын жазушы Гүлмира Қанайдың «қыздарға кітап оқытайық» деген бастамасы аясында іске асқан. ҚызПУ-дың жаңа корпусында UniSpace алаңы ашылып, оған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бастаған ел зиялылары қатысқан. Жобаға жеке қаражат есебінен 10 миллион теңге инвестиция салынып, Coffee Book кітап-кафесі ашылған.
Алайда, Шыңғыс Мұқанның сөзінше, университетке жаңа ректор келгеннен кейін, жобамен жасалған келісімшартты ұзартпау туралы шешім қабылданып, орынды босату талап етілген.
«Мемлекеттің нашар менеджер екенін білеміз, нашар серіктес екенін де біліп жүріңіздер», — деп жазды ол.
Қоғам қайраткері бұл жағдайды білім мен ағартушылық бастамаларға қолдау көрсетудің әлсіздігімен байланыстырып, мәселе қоғам назарынан тыс қалмауы тиіс екенін меңзеді.



