Жаңалықтар
Министр жақында медицина қызметкерлеріне жасалған шабуыл туралы айтты
Фото: ашық дереккөз
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәжіліс кулуарында медицина қызметкерлеріне жасалған кезекті шабуыл туралы пікір білдірді. Министр осындай құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қатаңдатуды ұсынады, деп хабарлайды qandastar.kz Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл жолы өрескел жағдай Алматыда болған, онда қабылдау бөлімінде науқас дәрігерлерге шабуыл жасаған.
Ол гинекологтардың бірінің бетін қанатып, жарақаттаған. Кейін зардап шеккен дәрігерге ми шайқалу диагнозы қойылды.
«Бұл жағдай бізді тағы да есеңгіретті. Медициналық қауымдастық, әрине, шын жүректен ашулы. Тура бір ай бұрын біз ауыр науқастың туыстарының жедел жәрдем қызметкерлерін реанимациялық іс-шаралар кезінде ұрып-соққанын көрдік. Акушер-гинекологқа қатысты оқиға да медицина қауымдастығы тарапынан терең қабылданды», – деді Ақмарал Әлназарова.
Министрдің айтуынша, ведомство медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңға өзгерістер енгізуге ниетті. Бұл бастаманы Бас прокуратура қолдаған.
«Біз бұл норманы талқылаған парламент депутаттарының қолдауымен осы жылдың ішінде Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл медицина қызметкерлеріне қызметтік міндеттерін орындау кезінде шабуыл жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді», – деп толықтырды ол.
Енгізілетін жаза түрлері қатарында: айыппұлдар, бостандықты шектеу және бас бостандығынан айыру бар.