Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар

Министрдің кеңесшісі Қазақстанда қытайлардың қаптап кеткенін айтты

Белгілі қоғам қайраткері және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің штаттан тыс кеңесшісі Ауыт Мұқибек Қазақстандағы қытай азаматтарының көлікпен еркін қозғалысына қатысты алаңдаушылығын білдірді. Бұл пікірін ол «Қасқа жол» YouTube жобасына берген сұхбатында айтты, деп жазады qandastar.kz

Мұқибектің сөзінше, Алматы мен Астанада Қытай нөмірлі көліктердің айтарлықтай өсімі байқалады. Ол Қазақстан азаматтары үшін Қытайға жеке көлікпен кіру талаптары қатаң екенін, ал ҚХР азаматтары Қазақстан аумағына анағұрлым жеңіл шарттармен кіре алатынын атап өтті.

«Алматыда да, Астанада да қытайлық көліктер көбейіп келеді. Олар бір жылдық рұқсатты арзандатылған төлеммен алып жүр, ал біздің азаматтар Қытайға көлікпен өту үшін бірнеше миллион теңге шығындалуға мәжбүр», — деді ол.

Қоғам қайраткері қытайлық азаматтардың елге келу тәртібі мен сауда саласындағы белсенділігін де сынға алды. Оның айтуынша, Қазақстанда Қытайдан келген азаматтар үшін талаптар нақты емес, ал олардың бизнесі жергілікті кәсіпкерлерге бәсеке туғызып отыр.

«Қазақстанға келген қытайлар арнайы талаппен емес, еркін жүр. Базарларда да солардың үлесі артып барады. Өздері тауар әкеліп, өздері қойма ашып, өздері сатады. Ал отандық өндірушілер шетке ығысып қалуда», — деп пікір білдірді Мұқибек.

Сондай-ақ ол Қытайға баратын этникалық қазақтарға қатысты қойылатын қонақүй міндеттемесін мысалға келтіріп, екі ел арасындағы талаптардың теңгерімсіздігін атап өтті.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button