Әлем жаңалықтары

Министрлік 67 млн доллар тұратын жойғыш ұшақтан айырылды

Фото YouTube платформасынан алынды. Авторлығы: Navy Media каналы

Associated Press агенттігінің хабарламасына сүйенген Aikyn.kz, қымбат ұшақтың суға кету себебін түсіндіреді, деп жазды qandastar.kz

Ұшақ ангарға сүйреліп бара жатқанда палубадан құлап, теңізге батып кеткен. Фото edition.cnn.com сайтынан алынды. Авторлығы: Х (Twitter)

Америкалық үкімет дүйсенбі күні (28 сәуір) өте қымбат әскери ұшақтан айырылғанын мойындады. Өткен аптада жойғыш ұшақ жүзіп бара жатқан USS Harry S. Truman ұшақ тасығыш кемесінен сырғып, суға түсіп кеткен.

F/A-18 Super Hornet жойғыш ұшақ белгісіз себептермен Йемендегі хусит бүлікшілерінің шабуылына ұшыраған кезде палубадан құлап, суға батқан. Бұл туралы Associated Press агенттігі хабарлады. 

USS Truman бірнеше ай бойы аталған аймақта террористік топтардың әрекетін тежеп отыруға бағытталған миссиясының бір бөлігі ретінде Қызыл теңізге жіберілген. АҚШ Әскери-теңіз күштерінің ресми мәлімдемесінде былай делінген:

«F/A-18E ұшағы ангарға сүйреліп бара жатқанда, экипаж басқаруды жоғалтты. Нәтижесінде ұшақ пен оны сүйреп бара жатқан техника суға құлады. Ұшақты сүйреген теңізшілер шетке шығып үлгерді. Қазір оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр».

Кеме хуситтердің атқылауынан қашып күрт бұрылғанда, ұшақ палубадан сырғып кетіп, теңізге құлаған. Фото naked-science.ru сайтынан алынды. Авторлығы: U.S. Navy

Оқиға орнынан алынған алғашқы есептерге сәйкес, USS Harry S. Truman кемесі хуситтердің атқылауынан қашу үшін күрт бұрылғанда, жойғыш ұшақ палубадан сырғып кеткен. Ұшақ теңізге құлап, бірден су түбіне кеткен. Бұл оқиғадан бір теңізші жеңіл жарақат алғаны айтылды.

2012 жылғы мәліметтер бойынша ұшақтың бағасы шамамен 67 миллион доллар. Дәл осы USS Harry S. Truman ұшақ тасығыш кемесінен 2022 жылдың 8 шілдесінде тағы бір F/A-18 ұшағы Жерорта теңізіне құлаған еді. Бұндай қайталанулар кеменің экипажының қателігінен немесе ұшақтағы кемшіліктерден болуы мүмкін.

USS Harry S. Truman 90-ға жуық ұшақ пен тікұшақтар тасымалдайтын Nimitz санатындағы атом қозғалтқышы бар ұшақ тасығыш кеме. Ұшақ тасымалдаушы кемелерде бұндай оқиғалар өте сирек кездеседі. Өйткені ұшақтар кемеге мықты бекітіледі. Бірақ хуситтердің Қызыл теңіздегі зымырандар мен дрондары АҚШ әскери кемелерінің шұғыл маневрлар жасауға мәжбүр етеді. Сондай бір бұрылыста F/A-18 ұшағы теңізге құлап кеткен болуы мүмкін.

Биылға ақпан айында Мысырдың портында сауда кемесімен соқтығысып қалған осы USS Harry S. Truman кемесінің командирі қызметінен қуылған еді. Бұл кеменің келеңсіз оқиғаларға жиі тап болуы да үлкен мәселенің бар екенін аңғартады.

USS Harry S. Truman кемесінің қазіргі жағдайы туралы мына видеода:

Қорғаныс министріне тағы бір соққы болды

Бұл оқиға – Қорғаныс министрі Пит Хегсет үшін кезекті қиындық туғызды. Fox News-тің бұрынғы тележүргізушісі ретінде танымал Хегсет бұл қызметке келгеннен бері бірнеше даулы жағдайға ұшыраған.

Өткен айда ол қателесіп, хуситтерге қарсы әскери жоспарларды The Atlantic журналының бас редакторына Signal арқылы жіберіп қойған. Кейінірек бұл мәліметтерді қызметтік чатқа тіркелген әйеліне, бауырына және адвокатына да таратқаны белгілі болды. Соңғы мәліметтерге қарағанда, ол Signal қосымшасын жеке компьютеріне «бақылаусыз арна» арқылы орнатып, қауіпсіздік протоколдарын бұзған.

Хегсетке имиджге тым құмар, бірақ басқару қабілеті төмен деген сындар айтылуда. Сондай-ақ, ол жақында Пентагонда «бет-әлпет түзету студиясын» орнатып, шенеуніктерді медиа алдында жақсы көрінуге дайындауға тырысқаны үшін де сынға ұшырады.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close