Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Министрлік әскердегі олқылықты жайып салған журналисті «қара тізімге» енгізген

Журналист Тимур Асылханов  Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі өзіне әскери бөлімдерге баруға тыйым салғанын хабарлады. Оның айтуынша, бұл шешім Отардағы әскери бөлімдердің бірінде жұмыс істемейтін душ кабиналары туралы бұрын жарияланған бейнероликтен кейін қабылданған. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі qazpress.kz парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Асылхановтың сөзінше, ол Қорғаныс министрлігінен ешқандай ақы алмайды және әскери бөлімдер туралы түсірілімдерді өзінің жеке уақытында, демалыс күндері жүргізіп келген.

«Сіздер мені Қорғаныс министрлігі PR үшін қанша төлейді деп жиі сұрайсыздар. Олар маған бір тиын да төлеген емес. Отардағы жұмыс істемейтін душ туралы роликті естеріңізде ме? Сол кезде біз Қорғаныс министрінің тыл жөніндегі орынбасары, генерал-лейтенантпен бірге барғанбыз. Сол видеодан кейін министрлік қатты ренжіп, мені “қара тізімге” енгізді», — деді журналист өз видеосында.

Оның айтуынша, «қара тізімге» енуіне байланысты Алматыдағы әскери институтқа, Қазақстанның батыс өңіріндегі әскери бөлімдерге және теңіз жаяу әскеріне бару жоспарлары жүзеге аспай қалған.

Сонымен қатар, Асылханов бұл шешім министрдің жеке бұйрығы ма, әлде Қорғаныс министрлігінің жаңа баспасөз хатшысының бастамасы ма  соны түсіне алмай отырғанын айтты.

«Бұл Қорғаныс министрінің жеке бұйрығы болса, маған бұл тіпті жағымды. Ал егер жаңа баспасөз хатшысының бастамасы болса, ол да мүмкін. Сонда министрлік менен неге қорықты және не үшін мені “қара тізімге” енгізді?» — деді ол.

Журналистің пікірінше, министрліктің бұл әрекеті оның жарияланымына наразылық білдірудің бір көрінісі. Редакция аталған мәселеге байланысты Қорғаныс министрлігіне ресми сауал жолдағанымен, жарияланым шыққан сәтке дейін жауап алынбаған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button