
Фото: ашық дереккөз
Қазақстан мен Қытай шекарасындағы «Нұр Жолы» өткізу пунктінде жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі пайда болды. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, кептелістің басты себебі – отандық тасымалдаушыларда Қытай аумағына кіруге қажет рұқсат бланкілерінің болмауы, деп жазады qandastar.kz
Құжат алмасу тоқтап тұр
Аталған бланкілер Қазақстан мен Қытайдың уәкілетті органдары арасында алмасу негізінде беріледі. Қазіргі уақытта осы алмасу процесі уақытша тоқтап, салдарынан шекарадағы жүк тасымалы тоқырауға ұшыраған.
«Негізгі мәселе – қазақстандық тасымалдаушыларда Қытайға өтуге арналған рұқсат құжаттарының болмауы. Бұл мәселені шешу мақсатында Комитет пен Көлік министрлігі бірлесіп жұмыс істеуде», – делінген ресми мәлімдемеде.
Қосымша квота бойынша келіссөз жүріп жатыр
Қазақстан мен Қытайдың көлік ведомстволары қазір қосымша рұқсат квотасын бөлу және оларды жедел рәсімдеу жолдарын қарастырып жатыр. Сонымен қатар, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қытайдың Бас кеден басқармасымен де келіссөздер жүргізіп, бірнеше уақытша шаралар қабылданды:
-
Қытай тарапы қабылдайтын көлік саны арттырылды;
-
Кедендік рәсімдер жеңілдетіліп, өткізу мүмкіндігі ұлғайтылды.
Тасымалдаушыларға уақытша жеңілдіктер енгізілді
Көлік компаниялары шығынға батпау үшін белсенді броньдардың мерзімі 72 сағатқа ұзартылды. Бұл тасымалдаушыларға бұрын төленген төлемдерін жоғалтпай, жаңа рұқсаттар келгеннен кейін кедергісіз өтуге мүмкіндік береді.
«Жаңа рұқсат бланкілері Қытай Көлік министрлігінен түскен бойда, оларды тасымалдаушылар электрондық жүйе арқылы ала алады», – деп мәлімдеді Комитет.
Шекараға асықпау ұсынылды
Комитет жағдайды бақылауда ұстап отырғанын атап өтті және жаңа бланкілер келгенше тасымалдаушыларға шекараға бармауға кеңес берді. Қытай тарапы да өткізу пунктерінде көлік ағынын жылдамдату үшін қосымша шаралар қабылдап жатыр.