
Фото: ашық дереккөз
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған ескерткіштің ашылуына қатысты. Көрнекті қайраткер, Алаштың аяулы перзентінің еңселі ескерткіші Қостанай қаласында бой көтерді.
Салтанатты іс-шара барысында Мәжіліс спикері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
“Төл тарихымызда азаттық үшін аянбай күрескен, ұлттың рухын көтеруге өлшеусіз үлес қосқан тұғырлы тұлғалар аз емес. Соның бірі әрі бірегейі – Міржақып Дулатұлы. Ол қазақтың асқақ арманы мен мұң-мұқтажын терең түсініп, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етті. Жұрттың сана-сезімін жаңғырту жолында еңбек етіп, жасампаз рухтың жаршысы болды. Адамзатқа ортақ құндылықтарды кеңінен дәріптеп, жастарды өнер-білімге үндеді. Міржақып Дулатұлы әдебиетімізді жаңа деңгейге көтеруге зор еңбек сіңірді. Халқымыздың біртуар перзентінің қайраткерлік қасиеті мен азаматтық ұстанымдары өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге болары сөзсіз”, – делінген Президент құттықтауында.



