Астанадағы Dent-Park стоматологиясында 3 жасар қыз ұзақ әсер ететін анестезиямен тісін емдегеннен кейін көз жұмды. Қайғылы жағдайға байланысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасуда, деп хабарлайды qandastar.kz
Қайтыс болған баланың отбасының өкілі, адвокат Руслан Айтжанов, медициналық процедура кезінде бірқатар өрескел қателіктер жіберілгенін айтады. Оның сөзінше, дәрігерлер медициналық стандарттарды бұзып, кішкентай баланың тісін бірден толық емдеуге тырысқан.
Марқұм қыздың әкесі Талғат Құмаров 2024 жылдың 30 қазанында қызын Севоран препараты арқылы седациямен емдетуге алып келген. Бұған дейін дәл сол клиникада жасалған процедура да 3,5 сағатқа созылып, бала анестезиядан кейін ұзақ оянбаған.
«Кейін Фармацевтикалық бақылау тексеріс жүргізіп, көптеген бұзушылықтарды анықтады», – деді әкесі.
Отбасының айтуынша, сол күні дәрігерлер қыздың 20 тісінің 18-ін бірден емдеуді жоспарлаған. Седация таңғы 09:10-да басталған, ал 14:00 шамасында баланың оянбай жатқаны белгілі болған.
«Жедел жәрдем шақырылды. Реанимация 40-45 минутқа созылды. Бірақ қызым есін жинамады. Жүрегі тоқтап, миы ісіп кеткен», – деді әкесі.
Фармацевтикалық бақылаудың актілеріне сүйенген ата-ана клиника алғашқы көмек көрсету кезінде де заң талаптарын бұзғанын айтады. Клиника директоры Надежда Хон анестезиологтың сол күні-ақ жұмыстан босатылғанын растады. Алайда процедураға қатысқан стоматолог жұмысын жалғастырып жүр.
«Анестезия маманын жұмыстан шығардық. Сараптама қорытындысын күтіп отырмыз», – деді Хон.
Сот процесі анестезиологтың адвокаты келе алмағандықтан кейінге қалдырылды.



