
Ақмола облысында кәсіпкерден 30 миллион теңге талап етті деген күдікпен екі ер адам ұсталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Олардың бірі – ММА жаттықтырушысы.
Полицияға 5 тамызда кәсіпкерден ірі көлемде ақша бопсалау туралы ақпарат түскен. Белгісіз адамдар оны физикалық күш қолданумен қорқытып, 30 миллион теңге талап еткен.
Осыдан кейін Ақмола облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жедел-іздестіру шараларын жүргізген. Нәтижесінде күдікке ілінген екі ер адам анықталып, ұсталды.
Алдын ала мәлімет бойынша, олар кәсіпкердің бизнесіне «қамқорлық жасау» сылтауымен ақша талап етуге қатысы болуы мүмкін. Қазір олардың қылмысқа нақты қатысы бар-жоғы тергеу барысында анықталып жатыр.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция олардың өңірде жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.
Аталған факті бойынша бопсалау бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.



