ЖаңалықтарШоу бизнес

Молдовада Нұрлан Сабуровтың концерттеріне қатысты ескерту жасалды

Молдова Мәдениет министрлігі концерт өткізуі ұсынылмайтын ТМД елдерінің әртістері тізімін жариялады.

Аталған тізімге қазақстандық әзілкеш Нұрлан Сабуров та енгізілген, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Министрлік жариялаған құжатта Моргенштерн, Клава Кока, Егор Крид, Баста, Гуф және басқа да танымал орындаушылардың есімдері бар. Жалпы тізімге 25 әртіс енгізілген.

Ведомство бұл өнер иелерінің концерттеріне ресми тыйым салынбағанын атап өтті. Алайда ұйымдастырушылар осындай әртістерді шақыру туралы шешім қабылдаса, оның барлық салдары үшін өздері жауап беретін болады. Сонымен қатар кейбір орындаушыларға ел аумағына кіруге шектеу қойылуы мүмкін екені ескертілді.

Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылдың ақпан айында Нұрлан Сабуров Ресей аумағынан шығарылған болатын. Кейін оған ұзақ мерзімге елге кіруге шектеу қойылғаны хабарланған.

Сондай-ақ Украинада әзілкешке қатысты әскери іс-қимылдарды қолдады деген күдікпен қылмыстық іс қозғалған. Ал Қазақстанда оның аты әлеуметтік желілерде тараған видеодан кейін тексерілген. Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізілген тексеру нәтижесінде заңбұзушылық белгілері анықталмағанын мәлімдеген.

Back to top button