ЖаңалықтарСпорт

Моңғолия құрамасының Олимпиадалық киімі әлеуметтік желіні тәнті етті (ВИДЕО)

Моңғолия ұлттық құрамасының олимпиадалық киімі ресми таныстырылымы интернет кеңістігінде кеңінен талқыланып жатыр, деп жазады qandastar.kz.

Моңғолияның Ұлттық Олимпиада комитеті спортшылардың 2026 жылы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін қысқы Олимпиада ойындарында киетін салтанатты және күнделікті киім үлгілерін көпшілікке ұсынды.

Коллекция авторларының айтуынша, басты мақсат — дәстүрлі ұлттық нақышты заманауи дизайнмен үйлестіріп қана қоймай, моңғол халқының көне киім мәдениетін жаңғырту. Бұл ұлттық тарих пен мәдени мұраның маңызды бөлігі ретінде халықаралық аренада таныстырылмақ.

Таныстырылым видеосы Моңғолия Олимпиада комитетінің Instagram парақшасында бірнеше сағат ішінде шамамен 129 мың қаралым жинап, көптеген жағымды пікірлерге ие болды.

Желі қолданушылары форманы нағыз өнер туындысына теңеп, батыл түстер үйлесімі мен терең ұлттық мағынасына ерекше назар аударды. Олардың пікірінше, бұл киімдер алдағы Италиядағы Олимпиада ойындарындағы ең есте қаларлық образдардың бірі болмақ.

«Өте стильді, әсерлі әрі жанға жақын», – деп жазды пікір қалдырушылар.

«Бұл жай ғана спорттық форма емес, ұлттық рух пен күштің символы», – деп атап өтті желі қолданушылары.

Сондай-ақ көптеген оқырман Моңғолия құрамасының Парижде өткен жазғы Олимпиадада да ерекше киім үлгілерімен көзге түскенін еске алып, Италияда да команда көрермен назарын тағы да өзіне аударатынына сенім білдірді.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button