Жаңалықтар
«Мұғалімдер қысым көрді»: Шымкентте оқушылар тоқсан бойы оқымаған
Фото: ашық дереккөз
Шымкенттегі мектептердің бірінде оқушылар бір тоқсан бойы оқымаған, деп хабарлайды qandastar.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Мектеп әкімшілігінің бассыздығынан ұжым тарқап кетуге жақын. Бір тоқсан бойы сабақ болмағандықтан оқушылар басқа мектепке ауысып кетіп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, мұғалімдер өзара тартысып, бір-біріне қысым көрсетуге дейін барған.
Мектеп директоры жаңа мұғалімдерді қабылдап жүріп уақыт өткізіп алғанын жасырмады.
Мектептегі бассыздықтан бір сабаққа 3 мұғалім кірген кездер болған. Мұғалімнің сабақ кестесінде басқа пән болса, оқушының сабақ кестесі мүлдем басқа болып шыққан. Сондай-ақ мектепте мұғалімдердің жалақасын ұстап қалу, ақша талап ету де қалыпты жағдайға айналған дейді ұстаздар.
Енді бұл мәселелерді білім басқармасы жанынан құрылған комиссия сарапқа салмақшы. Осы жиында мектеп директоры мен оның орынбасарларының және бірқатар ұстаздардың тәртіптік жауапкершілігі қаралып, қызметіне сәйкестігі туралы шешім шығарылады.