Жаңалықтар
«Мұнай мен газ іздеп, жерімізді ластамаңдар»: Ақтөбе облысындағы ауыл тұрғындары барлау жұмыстарына қарсы шықты
Фото: diapazon.kz
Ақтөбе облысындағы ауылдар маңындағы геологиялық барлау жұмыстарына қатысты бір жылдағы төртінші қоғамдық тыңдау жанжалмен аяқталды. Бұл туралы qandastar.kz ақпарат агенттігі Диапазон басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақтөбе облысындағы Шәмші Қалдаяқов және Петропавловка ауылдары маңында мұнай-газ барлау жұмыстарын жүргізу үшін энергетика министрлігінен рұқсат алған «КазНефтеГазПроект» ЖШС былтырдан бері тұрғындармен келісімге келе алмай жүр. Компания қоғамдық тыңдауларсыз және ауыл тұрғындарының келісімінсіз барлау жұмыстарын бастай алмайды.
Басылымның мәліметінше, ауылдардың маңындағы мұнай мен газ конденсаты сонау 1950 жылдары табылған. Бірақ көлемі аз болғандықтан, өндіру жұмыстары кейінге қалдырылған. Өткен жылы аумақты қайтадан зерттеу туралы шешім қабылданған.
Ауыл тұрғындары егер шикізат табылса, дереу өндіріс басталады деп үрейленіп отыр. Тұрғындардың айтуынша, олар мұнда картоп пен көкөніс өсіріп, шаруа қожалықтары мен егістіктеріне күтім жасайды. Жақын жерде Қарғала су қоймасы бар. Сейсмикалық барлауға берілген келісімшарттық аумақ 538,39 шаршы шақырымды құрайды.
“Геологиялық барлау өндіріс емес, ол желтоқсан мен қаңтар айларында 42 күнге созылады, ол кезде ауылшаруашылық жұмыстары жүргізілмейді. Ештеңе таппасақ, жұмыстың нәтижесін Қазақстан Республикасының геологиялық қорына өткіземіз, сонымен бітті», – деді «КазНефтеГазПроект» ЖШС директорының орынбасары Расулбек Майлыбаев.
Ал ауыл тұрғындары компания өкілдерінің сөзіне сенбейді.
“Геологиялық барлау жұмыстары жүргізілетін жерден Қарғалы су қоймасының шекарасы небәрі 1 шақырымды құрайды. Олар жұмысты қыста, жер тоңып тұрғанда жүргізгісі келеді. Ал көктемде не болады? Барлау жұмыстарынан кейін бөгеттің жарылып кетпейтініне кепілдік қайда? Кеңес заманынан бері ол жерде жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Су қоймасының айналасында көптеген бұлақтар бар. Олардың бәрі құрғап, екі ауыл ғана емес, қалаға дейінгі барлық ауылдар зардап шегеді. Біз 4-рет түсіндіріп жатырмыз, бізден ештеңе іздеудің қажеті жоқ”, – дейді ауыл тұрғыны Жанат Кенжеғалиев.
Ауыл жастарының бірі егер барлау жұмыстары басталса, жолды жауып, техникаларды қирататындарын айтты.
“Жастар атынан сөйлеуге рұқсат етіңіздер.Егер барлау басталса, жастар тас жолды жауып, техникаларды жоюға дайын, үлкен шу болады”, – деді залдағы жастардың бірі.
Тұрғындар жоба туралы айтқысы келген компания өкілінің сөзін тыңдаудан бас тартқан.
“Миллиондаған жылға жететін газ бен мұнай қоры болса да, халыққа не пайда? Арабтар сияқты өмір сүреміз бе? Жаңажол, Саркөл, Кеңқияқтың экологиясына қараңыз. Ақтөбеде 5 айдан бері газ жоқ, халық кезекте тұр. Мұндай газ бізге не үшін қажет? Бізден ештеңе іздеудің қажеті жоқ, неге түсінбейсіздер? Ауылдарды қорғау үшін біз соңына дейін барамыз”, – дейді ауыл тұрғындарының бірі.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында мектеп пен мыңнан аса үй сібір жарасы бар аумаққа кіріп кетіп, тұрғындар үйсіз қалуы мүмкін екені туралы жазған едік.