Білім

“Мұндай медаль бір-екі мұғалімде ғана бар“ – Гиннесс рекордтар кітабына енген ұстазбен сұхбат

Фото: Massaget.kz

Суреттегі жүзі жылы адам – Муаммер Гюль, математика пәні мұғалімі. 30 жыл бойы мектепте білім беріп келеді. Ал небәрі 29 жасында Гиннесс рекордтар кітабына енген. Оның рекордын әлі ешкім жаңартқан жоқ, деп жазады Massaget.kz qandastar.kz-ке сілтеме жасап.

Муаммер Гюль – түрік, бұдан 30 жыл бұрын Түркиядан көшіп келген. Сол кезде қабылданған шешім оның өмірін түбегейлі өзгертті. Ол жоғары оқу орнын аяқтаған соң шетелде жұмыс істеп көргісі келген, 1-2 жылдан соң туған жеріне ораламын деп ойлаған кейіпкер өмірінің көп бөлігін туған жеріндей болып кеткен Қазақстанда сүріп жатыр.

Кейіпкер 1994 жылы Ақтөбеге көшіп келеді. Қаладағы Қазақ-түрік лицейінде (қазіргі атауы – дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейі) математика пәнінен сабақ беріп, 1995 жылы балаларды түрлі олимпиадалар мен жарыстарға дайындай бастайды.

Неге Қазақстан? Неге Ақтөбе?

«Белгілі бір себеп жоқ, университетті тәмамдаған соң шетелде жұмыс істеуге ынтам болды. Құжаттарымды тапсырып өттім, кейін Қазақстанға көшіп келдім. Мұнда келгенде ұзаққа қаламын деген ой болған жоқ. 1-2 жыл істеп, елге қайтамын деп ойладым. Бірақ Ақтөбе, мектеп, балалар мен жұмыс маған ұнады, сондықтан қалып қойдым», – дейді ол.

«Тарихта болмаған жағдай»

Араға 5 жыл салып, 2001 жылы Муаммер Гюльдің 3 шәкірті IMO деп аталатын халықаралық олимпиададан алтын алып, рекорд орнатады. Ұстаздың айтуынша, әлі күнге дейін бір елден, бір мектептен 3 бірдей оқушы алтын алып көрмеген.

«Математиктер арасында IMO деген ең мықты әрі қиын олимпиада болады. Ол жылда өтетін жарыс, шамамен 100 ел, әр елден ең мықты деген 6 оқушы қатысады. Біз 1996 жылдан бастап қатысып жүрміз. 2001 жылы Америкада болған жарыста 1 мектептен 1 жылда 3 оқушы алтын медаль алды. Бұл тарихта болмаған жағдай», – дейді ол.

Гиннесс рекордтар кітабына енудің қандай артықшылықтары бар?

«Негізі айтарлықтай артықшылығы жоқ. Бұл жай ғана мәртебе. Қазір 3 алтын тұрмақ, 1 алтын да алу қиынға соғып кетті. Қазір Қытай басып озып тұр», – дейді ұстаз.

Алтын иегерлері қазір қайда?

Мұғалімнің айтуынша, үшеуі де оқу орнын бітіріп, қазір жұмыс істеп жатыр. Күнде жағдай сұрасып тұрмаса да, арадағы байланыс үзілген жоқ.

«Бауыржан Бектеміров Гарвард университетін «математика» мамандығы бойынша тәмамдады, ал Әлібек Алданғаров Америкадағы MIT оқу орнын, Аман Жұмакешов Түркияда білім алды. Олар қазір жұмыс істеп жатыр. Математика олимпиадасының жеңімпазы Бауыржан «Астана» халықаралық қаржы орталығының директоры, Әлібек АҚШ-та, ал Аман Ақтөбеде мұнай саласында қызмет етіп жатыр. Тек үшеуімен емес, көп баламен байланыс үзілген жоқ. Себебі біз 7-сыныптан бастап, 11-сыныпқа дейін күнде олимпиадаға дайындаламыз ғой, сондықтан жақын болып кетеміз», – дейді ол.

Ұстаздың айтуынша, осы уақытқа дейін шәкірттерімен бірге 4 мыңға жуық халықаралық, республикалық олимпиада мен жобаға қатысқан. 1996 жылдан бері жыл сайын кемінде 30 шәкіртті олимпиадаға дайындайды.

Ұстаздың кабинеті медаль, алғыс хат пен түрлі сертификатқа толы. Мұнда тек оның емес, шәкірттерінің де жемісі бар.

«Негізі диплом бұдан да көп, жартысы Ақтөбеде, жартысы Астанада қалып кетті. Ақтөбедегі мектепте тіпті кубоктарымыз бар», – деді ұстаз ұялып.

Осы жетістіктерінің арасында қайсы маңыздырақ, салмақтырақ дегенде ол бірден екі медальді көрсетті. Екеуі де IMO-дан, халықаралық математика олимпиадасынан берілетін медаль. Бұл – жетістікке жеткен оқушының ұстазына берілетін марапат. Онда «ұстазыма, алғыспен шәкірттен» деп жазылған.

«Мұндай медаль Қазақстанда 1-2 мұғалімде ғана бар», – дейді кейіпкер.

Ақтөбеде 14 жыл еңбек еткеннен кейін, Астанаға ауысып, 2008 жылдан бастап 16 жыл қызмет еткен. Қазір Алматыға көшіп келді. Ұстаздың ата-анасы – дәрігерлер. Олар да ұлының ақ халатты абзал жан болғанын қалаған, алайда Муаммер Гюльдің қалауы басқа болды.

«Олар дәрігер болғанымды қалады, себебі Түркияда дәрігер – абыройлы мамандық. Бірақ мен дәрігер болғым келген жоқ. Маған мектепте математика, физика мұғалімдерінің сабақ беруі ұнайтын», – дейді ол.

Неге мектеп, неге университет емес?

«Ақтөбеде 14 жыл еңбек еттім, кейін маған «университетке барып көріңіз» деген ұсыныс түсті. Мен университетке барғым келмеді. Ересектерге бірнәрсе түсіндіру оңай емес. Түсіндіру, әрине, қиын емес, бірақ балаларға түсіндіргендей ләззат алмайсың. Балалардың эмоциясы жарқын көрінеді, оған қоса, олар бірден қағып алады», – деді кейіпкер.

Мұғалімнің айтуынша, 30 жыл бойы қажырлы еңбектің құпиясы – істеп жатқан жұмысқа деген махаббат.

«Ең алдымен, қандай жұмыс істесеңіз де, оны жақсы көру керек. Ал математикаға келсек, негізі оны жақсы көрмесең, түсіну қиын. Сондықтан оны өмірдің бір бөлігі ретінде қарап, жақсы көруге тырысу керек. Өз басым математиканы жақсы көріп, ләззат аламын, сол үшін маған жұмыс істеу, сабақ түсіндіру қиын емес», – деді ол.

Муаммер мырзаның бір ерекшелігі – сабақ түсіндіргенде кітапқа немесе компьютерге қарамау, керісінше, білетін нәрсені ғана айту. Алайда педагог есеп шығарғаннан гөрі сабақ түсіндірген әлдеқайда қызық дейді.

Математиканы бәрі үйреніп кете ала ма?

Ұстаз «1 пайыз талант, 99 пайыз еңбек» деген қағидаға келіспейтінін айтты. Оның айтуынша, Гиннесс рекордтар кітабына ену үшін тек талант пен еңбек аз.

«Мен «1 пайыз талант, 99 пайыз еңбек» дегенге келіспеймін. 1 пайыз деген өте аз, бірақ талантқа қарағанда көп еңбек етілуі керек дегенге келісемін. Бұлардан бөлек, адам өзі қалауы керек. Онда жетістікке жете алады. Әр адам математиканы үйрене алады, бастысы, қаласа болғаны. Біз олимпиадаға тек таланттыларды алмаймыз. Алайда көбі «басы істейтін, талантты адамдарды ғана жинайды» деп қате ойлайды. Олимпиада қысқа уақытта болатын нәрсе емес, оған ұзақ уақыт дайындалу қажет. Бала аз уақыттан кейін қоя салғысы келуі мүмкін, ал біреудің айтқаны емес, өз қалауымен келген бала кез келген ауыртпалыққа төзіп, аяғына дейін баруға тырысады да, барады да», – деп түйіндеді мұғалім.

– Демек, жетістіктің формуласы «талант + еңбек + қалау» ғой? 

– Иә, дәл солай!

«Олимпиада спорт сияқты…»

Мұғалімнің айтуынша, олимпиадаға дайындық кезінде тіпті каникулға да назар аударылмайды. Балалар күнде жаттығады.

«Біз күнде дайындаламыз. Алайда таңнан кешке дейін емес, меніңше, бұл дұрыс емес. Бұлай болған жағдайда адам алдымен менталды, кейін физикалық тұрғыда шаршайды. Адам күнде бірнәрсені тоқтаусыз жасаса, оның қызығы кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан біз дайындықтан бөлек, балаларға мотивация береміз. Меніңше, мотивация – ең маңыздысы. Баланың қанша уақыт дайындалғанынан, қалай дайындалғанынан мотивациясы маңыздырақ. Дайындық үздіксіз, бірақ аз-аздан болуы керек. Бұл спорт сияқты. Мысалы, футбол спортшылары тек 25 күн демалады, сол сияқты олимпиадаға дайындалып жатқан адам көп демалмауы керек, себебі жинақтаған қорын ұмытып қалуы мүмкін», – дейді кейіпкер.

Муаммер Гюльдің сөзінше, олимпиадаға тек дайындық пен мотивация емес, сонымен қатар баланың ойына, көңіл күйіне, тіпті ішкен тамағына да назар аударылу керек.

«Балаға аз ақпарат беріп, оны көп түсіндіруі керек, сосын оқытушы өзін баланың орнына қойып үйренуі керек. Кей мұғалімнің проблемасы сол – біржақты қарау. Балаға тапсырма бермес бұрын оның деңгейіне қарау керек. Тапсырманы тексергені жөн, тек кітаптағы нәрсені беріп отыру дұрыс емес. Мұғалім өзін баланың орнына қойып, берілген тапсырманы түсіне ала ма, соны байқау керек. Әр балаға жеке назар аударылу керек. Әр бала – жеке тұлға. Кейбірі 2 сағат дайындалып түсініп кетсе, кейбіріне 20 сағат та жетпейді», – деді ол.

Муаммер Гюль балаларды олимпиадаға қалай дайындайды? Кейіпкер құпиясын айтты.

«Дайындық кезінде есептерді міндетті түрде дәптерге жазып шығарамыз, мәселен, 4-5 жыл дайындалсаң, кем дегенде 20-30 дайындық дәптері болуы керек», – дейді ол.

Сондай-ақ ұстаз жыл сайын олимпиада материалдарын жаңартып отыруға кеңес берді.

Мектепте балалар Муаммер мырзаны жақсы көреді. Ұстазды көргендердің арасында амандаспай, жағдайын сұрамай кеткен оқушы жоқ. Оған қоса, жақында мұғалімнің туған күні болған. Балалар ұстазға зор денсаулық пен қажымас қайрат тіледі.

«Қазіргі балалар миға салмақ түсірмейді»

– Муаммер мырза, Z пен альфа ұрпақ арасында білімге қатысты қандай айырмашылық бар? Бұрын ұстаздарға білім беру оңайырақ болғаны рас па?

«Иә, айырмашылық көп. Бұрын балалардың қабылдауы басқаша болды. Сабақ түсіндіргенде бәрі болмаса да, көбінің назары сабақта болатын, түсінбесе де мұғалімді тыңдайтын. Қазір, керісінше, жақсы түсіндіріп, жақсы нәрсе айтып отырсаңыз да түк тыңдамайтындар бар. Мысалы, бір сыныпта 4-5 адам назар қойып тыңдайды, тағы 4-5 адам орташа тыңдайды, яғни бір құлақтан кіріп, екіншісінен шығады, енді бірі мүлде тыңдамайды. Бұл балалар жаман деген сөз емес, мәселе назарда болып тұр. Кейбіреулер айтқанды тыңдамайды, түсінуге ынтасы болмайды, оларға 100 рет түсіндірсең де түсінбейді. Әрине, телефон, гаджеттер де әсер етеді. Бұрын балалар білмегенін интернеттен іздейтін, қазір жасанды интеллект бар. Балалар тіпті ойланбайды, дайын нәрсені тұтынып үйреніп қалған. Тіпті 1+1 дегенді жасанды интеллект арқылы шығаратындар бар. Негізі ЖИ-дың пайдасы көп, бірақ мәселе пайдалануда. Балалардың назарын ұстап қалу да қиын, бірақ оларға «телефон ұстама, компьютерді жап» деп тыйым салуға болмайды. Әр нәрседе баланс ұстап, анализ жасай білу, соны балаларға үйрету керек. Қазіргі балалар миға салмақ түсірмейді», – дейді ол.

Математиктер арасында беделге ие ұстаз дәстүрлі білім беру жүйесінің шырмауында қалған ұстаздарға да кеңес берді.

 Педагогтар жаңа нәрседен қорықпауы керек

«Бәрі өзгеріп жатыр. Бұрын олимпиада дайындығына пайдаланылған әдістер енді өзгерді. Мәселен, бұрындары кітап бойынша дайындалатын едік. Алдымен бір кітапты аяқтап, кейін екіншісіне көшетін едік. Тақырып кітап бойынша ашылатын. Кейін мұның тиімсіз екенін түсіндім. Кітапқа емес, тақырыпқа баса назар аударылуы керек екенін ұқтым. Сонда бір тақырыпты ашу үшін 3-4 кітап ақтарып қараймыз. Кейде кітаптың соңына дейін жетпей жататынбыз, сондықтан әдісті өзгертуге тура келді. Бұған баланың назары да әсер етті. Баланың назарын ұстап қалу үшін әдісті өзгерту керегін түсіндік. Консерватив ұстаздар өзгеруден, жаңа нәрседен қорықпауы керек. Себебі қазір балалар басқа. Заман талабына сай болып, заман ағымына сай өзгеру керек. Қазіргі балалар ақымақ емес, олардың ойлау қабілеті мен қабылдауы өзгерді. Болашақта мұғалім керек болмай қалуы да мүмкін», – деп түйіндеді ұстаз.

– Муаммер мырза, білім мен математиканы ысырып, тек өзіңіз туралы айтып беріңізші?

«Жаяу жүргенді жақсы көремін. Математика мен білім беруден шаршағанда спортпен айналысамын. Мен негізі бір жерде отырғанды онша ұнатпаймын. Оның себебін білмеймін. Бір жерде ұзақ отыра алмаймын. Аптасына 2-3 рет футбол ойнаймын. Бұрынғы оқушылармен лигаларға, турнирлерге қатысамыз. Тарихи кітаптар оқығанды, подкаст тыңдағанды ұнатамын. Тек миды емес, денені де шынықтырып отыру керек», – дейді ол.

– Түркияны сағындыңыз ба?

«Түркияны сағындым, бірақ Қазақстанға үйреніп қалдым. Алғашында қиын болды. Бірақ кейін Ақтөбеге үйреніп кеттім, адамдар ұнады. Ақтөбені жақсы көремін, қазір де көшіп баруға дайынмын», – деді ол.

Мұғалім әзірге зейнетке шығу немесе туған еліне қайту туралы мүлдем ойламайды. Қазақстанда қалып, қарттығымды осында қарсы аламын ба, кім білсін деп қорытындылады ол.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close