Саясат

«Музейде жүр»: Нұрсұлтан Назарбаевтың бір топ баламен түскен суреті жарияланды 

Әлеуметтік желілерде Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бүлдіршіндермен бірге түскен суреті мен видеосы кеңінен тарады, деп хабарлайды qandastar.kz

Бейнекадрларда Назарбаевтың балалармен жылы жүздесіп, оларға мұражайды таныстырып жүргені байқалады. Сапар барысында ол бүлдіршіндермен естелік суретке де түскен.

Айта кетейік, Елбасы музейі Астанадағы бұрынғы президент резиденциясында орналасқан. Мұнда тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихына қатысты құжаттар, жеке заттар мен әр жылдары сыйға тартылған жәдігерлер қойылған.

Бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы Орталық мешітте жұрт көзіне түскен еді. Бұл туралы мешіттің азаншысы Қуаныш Сейітханов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлаған.

«21 маусымда ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бас мешітке келді», – деп жазды ол.

Жарияланған видеода Назарбаевтың күзет қызметкерлерімен бірге мешіт ішін аралап, жамағатпен сөйлесіп тұрған сәттері бейнеленген.

«Аман болыңыз, деніңіз сау болсын! Жүз жасаңыз!» – деп тілек айтқан жұрттың сөздері де видеода естіледі.

Сондай-ақ бұған дейін Назарбаевтың Мәскеуге жеке шақырумен барып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездескені хабарланған болатын. Бұл сапар қоғамда түрлі пікір мен болжам туғызды.

Тұңғыш президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібайдың айтуынша, Назарбаев шетелдік көшбасшылармен тұрақты түрде байланысып, телефон арқылы сөйлесіп, хат алмасып, кей жағдайда жеке жүздесіп тұрады.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button