ЖаңалықтарМәдениетСараптамаСаясат

Музыка индустриясы: жаңа заң қазақстандық авторлардың табысына қауіп төндіре ме?

Сенат «Зияткерлік меншік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Құжат зияткерлік меншік саласындағы рәсімдерді оңтайландыруды көздегенімен, авторлар мен халықаралық ұйымдар тарапынан сынға ұшырап отыр, деп жазды qandastar.kz

Жаңа заң патент, сауда белгісі және авторлық құқық рәсімдерін жеңілдетіп, үдерістерді жеделдетуді мақсат етеді. Енді тауар белгісіне өтінімнің алдын ала сараптамасы 10 жұмыс күні, ал толық сараптама үш ай ішінде аяқталмақ. Бұрын бұл мерзімдер әлдеқайда ұзақ болатын.

Сонымен қатар, құжатта патент беруден бас тартудың жаңа негіздері қарастырылған және патенттік сенім білдірілген өкілдердің қызметі нақты мамандандырылады.

Бірыңғай цифрлық платформа — ашықтық па, әлде тәуекел ме?

Ең көп талқы тудырған жаңалықтардың бірі — авторлық құқықтарды басқарудың бірыңғай цифрлық платформасын құру бастамасы. Бұл жүйе шығармалардың қолданылуын, сондай-ақ авторларға төленетін сыйақылардың қозғалысын бақылауға бағытталған.

Ұлттық зияткерлік меншік институты бұл платформаның төлемдердің әділ және ашық бөлінуін қамтамасыз ететінін алға тартады.

«Платформаны енгізу арқылы құқықтарды басқаратын ұйымдардың жұмысы ашық әрі түсінікті болады – келісімшарттан бастап, сыйақы төлеуге дейінгі барлық кезеңде айқындық орнайды. Бұл жүйеге деген сенімді арттырады», — делінген ақпаратта.

Жаңа заң күшіне енген соң бұрынғы «мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым» ұғымының орнына «құқықтарды ұжымдық басқару ұйымы» термині енгізіледі.

Сын мен күмән: авторлар не дейді?

Дегенмен, көптеген шығармашылық өкілдері мен сала сарапшылары жаңа жүйеге күдікпен қарайды.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шаяхмет Алжанбай цифрлық платформаның іске қосылуы авторларға қосымша салмақ түсіруі мүмкін екенін айтады.

«Әділет министрлігінің комитеті бұл мәселені жақсы біледі. Бірақ, шамасы, оларға сол бөлінген бір миллиард теңгені игеру маңыздырақ сияқты. Егер бұл жүйе іске қосылса, оның қызмет көрсету шығындарын авторлардың өздеріне жүктеуі де әбден мүмкін», – дейді ақын.

Халықаралық ұйымдардың алаңдаушылығы

Бұған дейін заң жобасы Мәжілістің екінші оқылымында қаралған кезде-ақ CISAC, IFRRO, IFPI, IMPF және SCAPR секілді халықаралық ұйымдар өз наразылығын білдірген болатын.

Олардың пікірінше, жаңа нормалар халықаралық стандарттарға қайшы келіп, Қазақстанның жаһандық авторлық құқық жүйесінен тыс қалуына әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда қазақстандық шығармалар мен музыкалық контент Instagram, TikTok, Facebook, Spotify және басқа да әлемдік платформаларда монетизацияланбай қалуы ықтимал.

Жаңа заңның мақсаты — зияткерлік меншік саласын заманауи деңгейге көтеру. Дегенмен, сарапшылар бұл өзгерістердің салдарын нақты уақыт көрсететінін айтады. Енді цифрлық жүйе авторлардың еңбегін әділ қорғай ма, әлде олардың табысын шектей ме, бұл сұрақ ашық күйінде қалып отыр.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button