Жаңалықтар

“Мылтықпен екі рет атқан”. Әйелін сыныптасынан қызғанып, атып өлтірген күйеуі жайлы сұмдық дерек шықты

Фото: ашық дереккөз

Қырғызстанның Ош облысында мектепті аяқтағанына 20 жыл толуын атап өткеннен кейін ер адам әйелін атып өлтірген деп хабарлайды Qandastar.kz сайты туралы Азаттық Радиосына сілтеме жасап.

Алдын ала мәлімет бойынша, қылмысқа қызғаныш себеп болған. Күдікті ер адам қамауға алынды. Бес кәмелетке толмаған бала жетім қалды.

Қайтыс болған әйел — бес баланың анасы болған. Ол отбасымен бірге Қара-Құлжа ауданына қарасты Сай ауылында тұрған. 26 мамыр күні күйеуімен бірге мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуын атап өту үшін Үзген ауданының Алға ауылына барған. Мектептегі мерекеден кейін ерлі-зайыпты үйлеріне оралып, араларында жанжал туындаған. Жанжал әйелдің өлімімен аяқталды.

Үзген ауданына қарасты Алға ауылындағы Кимсан Ботобеков атындағы орта мектептің директоры Мирбек Абдуллаев та 26 мамыр күні өткен мерекелік іс-шараға қатысқанын айтып, ешқандай ерекше жағдай байқамағанын жеткізді.

«Сағат 9:00-де бастаймыз деді, мен 9:15-те бастадым, 11-де аяқтадық. 20 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер салтанатқа қатысты, ешқандай мәселе болған жоқ, өзім шығарып салдым. Олар мектептегі кездесуден кейін бірден кетіп қалды. Марқұм өте сабырлы қыз еді, ата-анасы да ешкімге зиян келтіретін адамдар емес», — деді Мирбек Абдуллаев.

27 мамырда Ош облыстық милициясы таратқан ақпаратқа сәйкес, «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.

«2024 жылдың 26 мамырында Үзген аудандық милициясына Қара-Құлжа ауданында тұратын 1987 жылы туған А.Е. есімді азаматшаның алған жарақаттарынан ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болғаны туралы ақпарат түсті. Бұл дерек тіркеліп, Қара-Құлжа аудандық ішкі істер бөліміне жолданды. Жиналған материалдардың негізінде «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізілуде. Әйелдің күйеуі, 1985 жылы туған А.Б. күдікті ретінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», — делінген ресми хабарламада.

Марқұм әйелдің кенже сіңлісі BBC-дің қырғыз қызметіне берген сұхбатында әйелге оқ тиіп,  қаза тапқанын айтты.

«Күйеуі бірге барып, жанында тұрған. Интернетте тарап жатқан түрлі қауесеттер шындыққа сәйкес келмейді. Әпкем қызғаныш туғызатындай ешнәрсе істемеген. Ешкімнің қолынан ұстап, қолтықтасып жүрмеген, би де билемеген. Мектептегі рәсім аяқталған соң, олар бірден үйге қайтқан. 20 жылдықты атап өткен соң, сыныптастарымен ешқайда бармаған. Оқиға кешке, олар үйге оралғаннан кейін болған. Күйеуі мылтықпен екі рет атқан, оқ оң жақ кеуде тұсына тиген. Басы аман. Кейбіреулер айтып жүргендей, оны атпен сүйреген деген сөз — жалған», — дейді марқұмның сіңлісі.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close