Жаңалықтар

«Нағыз заказдың төресі Жақсыбек Кұлекеевтің ісі» – Қайрат Көпбаев

Фото: ашық дереккөз

Қорғаныс министрлігі Кадр департаментінің экс-басшысы, бұрынғы генерал-майор Қайрат Көпбаев 100 мың доллар пара алды деген айыппен жазықсыз істі болған мемлекет және қоғам қайраткері Жақсыбек Кұлекеевтің ісіне қатысты Adal Adam Youtube арнасына бұрын айтылмаған шындықты айтты, – деп хабарлайды qandastar.kz

«Мен ол күнді есімде сақтап қалдым. Бұл оқиға 2008 жылдың бірінші сәуірінде болды. Жақсыбек Құлекеевтің ісін жүргізген тергеу тобында болдым. Бірақ ұстар алдында 3-4 көлікпен бара жаттық. Сарыарқа көпірінен өтіп бара жатқанда мені жедел істер бойынша басқа жаққа жіберді. Екі-үш сағаттан кейін оралсам, қарасам, іште Жақсыбек Құлекеев отыр екен. Оны тергеген тергеуші екеуміз басында бірге жүрдік, өйткені ең бірінші күні тергеу амалдарын жедел түрде өткізу керек. Сол тергеу жұмыстарында куәгерлерден жауап алып, бірге өткізгенбіз. Бірақ Құлекеевті басқа тергеуші тергеді. Бұл істің қалай болғанын мен білемін. Менің естуімше, ол қаңтар оқиғасының алдыңда 10 шақты күн бұрын ақталды. Негізі ол қозғалатын іс емес еді. Нағыз «заказдың» төресі осы Жақсыбек Құлекеевтің ісі. Мен ол істі жүргізген жоқпын. Бірақ, тарихын бәрін бастан-аяқ білемін. Оны біз әу баста сотқа жолданатынын және ол кісінің сотталатынын білетінбіз. Өйткені тапсырма сондай болды», – дейді бұрынғы генерал-майор.

Қайрат Көпбаевтың айтуынша, Жақсыбек Құлекеев жазықсыз сотталды.

«Түрмеде бұрын құқық қорғау саласында қызмет еткен азаматтарды бөлек жеке қапаста ұстайды. Менімен бірге 7 әскери шені жоғары адам отырды. Солар сөзімді дәлелдеп те бере алады. «Осы өмірде 2 адам кінәсіз сотталды. Біріншісі – Жақсыбек Құлекеев, екіншісі – вице-адмирал Жандарбек Жанұзақов» деп айтқанмын сол уақытта. Бұл 2020 жыл еді. Жақсыбек Құлекеевтің ақталмаған кезі. Өйткені мен ол істің тарихын, басты инициаторы кім екенін, заказчигі кім екенін, қанша сумма болғанын білемін. Бірақ атын атай алмаймын. Сұхбаттан кейін өзіңе құлағыңа сыбырлап айта алам», – деді Қайрат Көпбаев.

Айта кетейік, Қорғаныс министрлігі Кадр департаментінің бұрынғы бастығы генерал-майор Қайрат Көпбаев 2020 жылы пара алғаны үшін сотталған болатын. Алайда ол үкіммен келіскен жоқ. Бүгінде кінәсіздігін дәлелдеу жолында ізденіп жүр.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close