Әнші Жанар Айжанованың қызы, блогер Айжұлдыз Адайбекова Жаңа жыл қарсаңында ерекше образбен түскен фотосуреттерін жариялап, әлеуметтік желіде қызу талқының ортасына түсті, деп жазады qandastar.kz
Айжұлдыздың жариялаған суреттері дәстүрлі мерекелік фотолардан өзгеше, ерекше стильде түсірілген. Ол кадрларға қоса Жаңа жылға қатысты өз толғанысын бөлісіп, 2026 жылды мүлде жаңа болмыс пен қуатпен бастау қажеттігін атап өтті.
«2025 жыл — өткенді артқа тастап, жаңа энергиямен өзіңді қайта танып-білетін кезең. Ал 2026 — жан тазарып, ойы жақсылыққа бет бұратын, жүрек мейірім мен тыныштыққа толатын жыл», — деп жазды блогер.
Дегенмен желідегі жұрттың көбі оның философиялық ойынан гөрі фотосессияның стилистикасына көбірек мән берді. Кадрлардағы кейбір символдық элементтер көпшілікке түсініксіз болып, түрлі пікір тудырды.
Пікір қалдырғандардың бір бөлігі Айжұлдыздың батыл шешімін жоғары бағалап, оның шығармашылық ізденісін қолдады. «Осы қызды көргенде өмірге деген құлшынысың артады», «Ерекшесің, бірақ сол ерекшелігіңмен ұнайсың», «Әр суретің ойландырмай қоймайды», — деген жағымды пікірлер жазылды.
Сонымен қатар фотосессиядағы кейбір детальдар сынға да ұшырады. Бірқатар қолданушы композицияның мән-мағынасын түсіне алмағанын айтып, сауалдарын жолдаған.
«Нанды неге аяқтың астына қойған?», «Шамадан тыс болып кеткен жоқ па?», «Бұл образдың астарында не жатыр?» — деген сұрақтар жиі кездеседі.



